«Болашақ» стипендиаттарының үштен бірі Ұлыбританияны таңдайды - Джеймс Клеверли

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Болашақ» бағдарламасымен білім алуға ниетті қазақстандықтардың үштен бірінің таңдауы Ұлыбританияға түседі. Бұл туралы Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда жоғары білім беру саласында ағылшын тілді хаб дамытылып жатқанын білдім. Аталған мақсатқа жетуге біз көмектескіміз келеді. Екіжақты серіктестігімізде білім беру – қашанда маңызды бағыттардың бірі. «Болашақ» бағдарламасы стипендиаттарының үштен бірі Ұлыбританияда оқуды таңдайды», - деді Джеймс Клеверли СІМ-де өткен кездесуден кейінгі баспасөз мәслихатында.

Британдық мейманның айтуынша, екі ел арасында бұрын-соңды дәл қазіргідей қарым-қатынас болған емес.

«Қазақстан мен Ұлыбританияның болашағын басқаратын мыңдаған «Болашақ» және Chevening стипендиаттары біздің университеттерде білім алып, тәжірибе мен дағдыларға ие болады. Ұлыбритания сіздермен достығын мақтан тұтады. Біз Қазақстанның сенімді серігі болып қала береміз», - дейді Ұлбританияның сыртқы істер министрі.

Айта кетейік, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келді.

Мәртебелі мейманды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдады.

Сыртқы істер министрлігінде өткен ресми кездесуден кейін Джеймс Клеверли Қазақстан мен Ұлыбритания ынтымақтастығының басым бағыттарын атап өтті.

Сондай-ақ, Ұлыбритания сыртқы істер министрінің қатысуымен елордада Ұлыбритания патшайымы ІІ Елизаветаның құрметіне сквер ашылды.