Сайлау хаттамаларының 100 пайызы өңделгеннен кейінгі қорытынды бойынша Илияна Йотова мен Кирил Вълчевтің кандидатурасын сайлаушылардың 57,57-57,6 пайызы қолдаған. Олардың қарсыластары — премьер-министрдің бұрынғы міндетін атқарушы Андрей Гюров пен Георги Кандев шамамен 39,5 пайыз дауыс жинады. Ал дауыс берушілердің 2,95 пайызы «Ешқайсысын қолдамаймын» деген нұсқаны таңдаған.
Президент сайлауының екінші кезеңі 1 қарашада өтті. Өйткені 25 қазандағы бірінші кезеңде кандидаттардың ешқайсысы басым дауыс жинай алмады. Ол кезде Илияна Йотова 34,76 пайыз, ал Андрей Гюров 31,95 пайыз дауыс алған еді. Екінші кезеңде сайлаушылардың белсенділігі төмен болып, дауыс беруге олардың шамамен 29 пайызы қатысты.
Бұған дейін вице-президент қызметін атқарған Йотова 2026 жылғы қаңтардан бері мемлекет басшысының міндетін уақытша атқарып келді. Бұған президент Румен Радевтің парламент сайлауында «Прогрессивті Болгария» партиясын басқару үшін отставкаға кетуі себеп болған. Йотованы биліктегі партия мен премьер-министр Радев қолдады. Ал Гюров батысшыл оппозициялық күштерге сүйенді.
Еуропалық БАҚ-тың хабарлауынша, Йотованың жеңісі қазіргі үкіметтің саяси ұстанымын нығайта түсті. Жаңа президент 2027 жылғы қаңтарда қызметіне кіріседі.
Еске салайық, бұған дейін Сербияда парламент сайлауының қорытынды нәтижесі шыққанын хабарлағанбыз.