Еске салайық, биыл 13 қазан күні Қызылорда қаласының Құлтекенов көшесінде келіншекті арбадағы сәбиімен бірге автокөлік қағып кеткен.
- Сол қайғылы оқиғада бейкүнә сәбиден айырылдық, ал сіңілім ауыр жарақат алып, ұзақ уақыт өмір мен өлім арасында жатты. Ол әлі де ауыр жағдайдан кейінгі ем-домын жалғастырып келеді. Арада бір ай уақыт өтті, бірақ осы оқиғаға қатысты күдікті әлі күнге дейін ұсталған жоқ. Біз Қызылорда облыстық Полиция департаментіне бірнеше рет арыздандық, Ішкі істер министрлігіне де жүгіндік. Алайда, 3 қарашадағы ресми жауапта тек арыздарымыздың бір қылмыстық іске біріктірілгені және тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқаны ғана жазылған. Ал біздің негізгі сұрақтарымызға нақты жауап жоқ, - деді жәбірленушінің туысы.
Жәбірленушінің туыстары күдіктіні іздестіру жұмыстарын күшейтіп, оның орналасқан жерін анықтау үшін барлық қажетті жедел-іздестіру шарасын қабылдауды талап етіп отыр. Қала аумағындағы бейнебақылау камераларының жазбаларын толық тексеріп, күдіктінің не себепті ұзақ уақыт бойы ұсталмағанына түсініктеме беруді сұрайды.
Сонымен қатар Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінен қылмыстық істі тікелей бақылауына алуды талап етті. Жәбірленуші тарапқа тергеу барысы мен іздестіру нәтижелері туралы толық әрі нақты ақпарат берілуін қалайды. Басты талаптары – істің әділ әрі жан-жақты тергелуі, күдіктінің табылып, заң аясында жауапқа тартылуы.
Расымен, бір айдан бері іздестіру жұмысы нәтиже бермеді.
- Жол-көлік оқиғасы бойынша күдіктіге іздеу жарияланды. Тергеу соты күдіктіні қамауға алу шарасына санкциялады. Күдіктінің жүрген жерін анықтау мақсатында облыстық полиция департаментінің жеке құрамына бағдар берілді. Барлық күш пен құрал жұмылдырылды, - делінген департамент хабарламасында.
Полиция тергеу барысы ерекше бақылауда екенін еске салды.
Бұған дейін полиция күдіктінің аты-жөнін жариялады. Ол 2000 жылы туған Алексей Великов екені анықталды.
Ал жергілікті заң компаниясы адам өліміне әкеп соққан жол-көлік оқиғасы бойынша күдіктіні табуға көмектескен адамға қаржылай сыйақы тағайындады.