Бұқар жырау музейінде қазақтың тұңғыш органологы Қамар Қасымовтың домбырасы сақталып тұр
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Бұл домбыраны шебер көзі тірісінде белгілі ақын Нұфтолла Шәкеновке арнап ойып, сыйға тартып кеткен.
Халық дәстүрлерін заман өресіне сай пайдалана білу мәселесін сөз еткенде, саз аспаптары бойынша ең әуелі Қамар Қасымовтың есімі аталуы заңдылық. Себебі халық аспаптарын жасаудың асқан шеберінің туындылары еліміздегі мәдениет өкілдерінің шыққан асқар биігі, асқақ үнімен тікелей байланысты.
Керекудің Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде қазақтың тұңғыш органологы Қамар Қасымовтың өз қолымен жасаған домбырасы сақтаулы. Ұлттық аспап жергілікті өнерсүйер қауым үшін баға жетпес құндылық саналады. Көрмелерде халық ұлыдан қалған асыл мұраны жиі қызықтап, әйгілі жерлесімізді еске алады.
Кезінде көркем сөздің зергері Ғабит Мүсірепов: «Қамар Қасымов көрсеткенді аудармай істей салатын жабайы шебер емес, ізденуден жалықпайтын, іздегенін таппай тынбайтын адам. Оның өзіндік әдісі, өзіндік лабораториясы бар. Қамар Қасымовтың ұзақ жылғы еңбегінде тарихи-ғылыми терең мағына жатыр. «Құрманғазы» және «Отырар сазы» көне аспаптар оркестрі мен кейінгі кезде құрылып жатқан көптеген ерекше үлгідегі ансамбльдердің өнерін әр кез тамашалап көрген сайын олардың тасасында бір бейне ылғи да елестеп отырады. Ол – Қамар Қасымовтың бейнесі. Ұлттық аспаптарымыз бар жерде Қамар есімі де бірге жасамақшы» деп баға берген. Ал шебер өзі жазып кеткендей, халық аспаптарының жетеуін жетілдіріп, он екісін ойлап тапқан.
Тағы бір қызықты дерек, Қамар шебер Сұлтанмахмұт Торайғыровпен түйдей құрдас, өте сыйлас дос болып өскен. Сұлтанмахмұттың әйгілі «Қамар сұлу» поэмасындағы негізгі кейіпкер қыздың шын есімі – Гүләйім. Достығының белгісі болсын деп Гүләйімнің атын Қамардың есімімен атаған. Мұны кезінде сол ауылдың көнекөз қариясы Әлмұқан Әлімбаев айтып кеткен әрі бұл жайында «Қамар Қасымов» деп аталатын кітаптан оқып білдік. Сұлтанмахмұт ақын, Жаяу Мұса, Шәкен Айманов Қамарға туыс болып келетіндігі де көрсетілген. Өкінішке қарай, талантты тұлғаның кіндігінен бала қалмаған.
***
Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің негізгі қызмет бағыты – жәдігерлерді зерттеу, жинақтау, насихаттау.
– Біздің музейімізде араб қарпінде төте жазумен жазылған көптеген кітап және қадым жазуымен түсірілген көне қолжазбалар сақталып тұр. Төте жазулардың басым бөлігі оқылып, түсініктері берілген. Ал қадым жазулардың анықтамалары бар болғанымен, оқылмаған. Мәселен, төте жазудағы Қамар Қасымовтың қолжазбалары, Дихан Әбілев бабамыздың хаттары, қолжазбалары, тіпті біздің қорымызда мүлде ашылмаған ескі жазулар да кездесіп отыр. Латын әрпінде Сәбит Дөнентаевтың жазбалары, Иса Байзақовтың қойын дәптері де сақталып қалған. Осы жәдігерлердің барлығын музей қызметкерлері оқып, тани білуі керек деген мақсат қойып отырмыз. Біздің қызметіміз музейде түрлі кештер өткізумен ғана шектелмейді. Ең бастысы, әр маманымыз жәдігерлерді жинақтап қана қоймай, оларды зерттеп, насихаттау жұмыстарымен дербес шұғылдана алатын деңгейге жетуі керек, – дейді музей басшысы Ербол Қайыров.
Қазіргі күні мекеме мамандары ауыл-ауылдарды аралап, түрлі қолжазбаларды жинастырып, көптеген көне қаріптермен жазылған кітаптарды тауып жатыр. Жыл бойы жүргізілген түрлі экспедициялар мен өлкетану шаралары өз жемісін беріп те жатыр. Енді бұл жәдігерлерді музей майталмандары асықпай зерттеп, кейін көпшілікке ұсынады.
Еске сала кетейік, бұған дейін музей қызметкерлері Абай Құнанбайұлының тұңғыш жыр кітабын, Дауылпаз ақын Иса Байзақовтың домбырасын, Қаныш Сәтбаев сыйлаған жазу машинкасын , Жүсіпбек ұстаған Құран кітапты, Алаш қайраткері Қошке Кемеңгерұлының «Қазақ тарихынан» кітабын іздеп тапты.
Музейде бұдан да бөлек аса сирек жәдігерлер: «Қартқожа» романының түпнұсқасы, Жүсіпбектің өз қолымен жасаған сия сорғышы мен сызғышы, кілемі , дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың домбырасы және тағы басқа тарихи заттар сақиалып тұр.
2024 жылы музейдің ұйытқы болуымен Жүсіпбек Аймауытов негізін салған «Мәдени кіндік» тарихи мекеніне ескерткіш орнатылды