Бұрымды боксшыларымыздың бесеуіне де Олимпиадаға жолдама бұйырмады
АСТАНА. KAZINFORM - Италияның Бусто-Арсицио қаласында өтіп жатқан лицензиялық турнирде қазақстандық боксшы Алуа Балқыбекова ширек финалда сүрінді.
Ол ширек финалда германиялық Макси Карина Клоетзерден айласын асыра алмады. Қарсыласына 2:3 есебімен жол берді.
Естеріңізге сала кетейік, Италиядағы лицензиялық турнирге әйелдер арасында бес боксшымыз бақ сынады.
Өкінішке қарай бесеуі де жолдамаға қол жеткізе алмады. Оның екеуі жарысты ерте аяқтаса, үшеуі ширек финалда, жолдмаға сынық сүйем жетпей жарысты аяқтады.
Айталық бүгін әйелдер арасында ширек финалда жұдырықтасқан отандасымыз Валентина Хальзова (75 келі) Ұлыбритания боксшысы Кинди Нгамбамен Олимпиада жолдамасын сарапқа салды.
Нәтижесінде отандасымызды 3 мәрте нокдаунға түсірген Нгамба отандасымыздан Париж Олимпиадасының жолдамасын жұлып алды.
Ал осыған дейін 66 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп жүрген Наталья Богданова лицензиялық турнирдің 1/8 финалында польшалық Анета Ригельсқа есе жіберіп, жарысты аяқтады.
60 келіде ел намысын қорғаған тағы бір бұрымды боксшымыз Римма Волосенко іріктеу сындарының барлығында қарсыластарынан басым түсіп, ширек финалда күтпеген жерден Словакия спортшысы Мирослава Жединаковаға төрешілер шешімімен есе жіберді.
Бұрымды боксшыларымыз арасында жарысты ең ерте аяқтаған Жайна Шекербекова болды. 54 келі салмақта сынға түскен ол бірінші жекпе-жегінде, яғни 1/16 финалда Нигерия өкілі Шукура Каримнен ұтылып қалды.
Осылайша Италияға аттанған бес бұрымды боксшымыздың біреуіне де жолдама бұйырмады.
Алайда, осы лицензиялық турнирге дейін әйелдер құрамасы ел қоржынына бір жолдама салып үлгерген болатын.
Оны өткен жылы Ханчжоудағы Азия ойындарында (Қытай) 57 келіде әлем чемпионатының 3 дүркін жүлдегері, 27 жастағы Карина Ибрагимова қанжығасына байлаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін Айбек Оралбай ширек финалда АҚШ боксшысы Джамар Тэллиді ұтып, Париж олимпиадасына жолдама жеңіп алғанын жазған едік.