Министрлік Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясымен бірлесіп, бастауыш сыныптардағы бағалау жүйесінің тиімділігін зерделеуге бағытталған кешенді жұмыс жүргізген. Оның ішінде бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) және тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) мәселелері де қарастырылған. Талдау жүргізуге ата-аналардың бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану мәселелерін талқылауды өтінулері, сондай-ақ педагогтер қауымдастығының критериалды бағалау жүйесін жетілдіру жөніндегі ұсыныстары негіз болған.
— Жүргізілген талдау бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны қолдану оқушылардың оқу жетістіктерін толық көлемде көрсете бермейтінін, балаларға қосымша оқу және эмоционалдық жүктеме түсіретінін көрсетті, — деп атап өтеді ведомстводан агенттіктің ресми сауалына берген жауабында.
Осыған байланысты 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап 1-4-сынып оқушыларының оқу жетістіктерін нөлдік, аралық және тоқсандық қорытынды бағалау кезінде бағалау тәсілдері мен нысандарын қайта қарау туралы шешім қабылданып отыр.
Білім беру бағдарламасын меңгеру деңгейін бағалау үшін бастауыш мектеп оқушыларының жас ерекшеліктеріне сәйкес келетін ағымдағы бақылаудың әртүрлі нысандары қолданылады. Олардың қатарында диктант, мазмұндама, бақылау, практикалық және шығармашылық жұмыстар бар.
Ведомствоның атап өтуінше, бұл пәндік білім деңгейін, оқу және жазу сауаттылығының дамуын неғұрлым объективті бағалауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға, оқушылардың когнитивтік дағдыларын, сыни ойлауын және коммуникативтік құзыреттерін дамытуға ықпал етеді.
Бұған дейін мектепте смартфон қолдануға қатысты қандай жаңа ережелер қабылдануы мүмкін екенін жазған едік.