Түркістан облысында суға кеткен екі адамның бірінің денесі табылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Түркістан облысындағы Сырдария өзеніне батып кеткен екі азаматтың бірінің денесі табылды. Екінші азаматты іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Видеодан алынған скрин

Оқиға 22 тамызда Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округі аумағында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, екі азамат суға түсуге тыйым салынған жерде шомылу кезінде суға батып кеткен.

— Іздестіру жұмыстары барысында 2002 жылы туған азаматтың денесі шомылған жерден шамамен 6 шақырым қашықтықтан табылып, судан шығарылды. Қазіргі уақытта 1998 жылы туған екінші азаматты іздеу жалғасып жатыр, — деп хабарлады облыстық Төтенше жағдайлар департаменті.

Ведомство мәліметінше, іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы және Шымкент қаласы Төтенше жағдайлар департаменттерінің құтқарушылары, полиция қызметкерлері, туыстары мен «Сырдария–Түркістан» өңірлік табиғи паркінің өкілдері жұмылдырылған.

Жалпы іздеу жұмыстарына 80-нен астам адам, арнайы техника, жүзу құралдары мен дрон тартылған.

Бұған дейін Түркістан облысында шомылу маусымы басталғалы 17 адамның суға кетіп қаза тапқанын жазған едік.