Cу тасқыны жұқпалы ауруға себеп болуы мүмкін

Фото: Фото: Pyxabay.com

ПЕТРОПАВЛ. KAZINFORM – Су тасқыны кезінде қолайсыз эпидемиологиялық жағдай туындауы мүмкін. Жұқпалы аурудың алдын алу үшін жеке бас гигиенасынан бөлек қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн. 

Солтүстік Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің техникалық регламенттердің талаптарын бақылау бөлімінің басшысы Марина Давлетбаеваның айтуынша, жайылған судан келер қауіп көп. Материалдық шығыннан бөлек, тасқын су түрлі аурудың таралуына себеп болуы мүмкін. Соның ішінде гепатит, тырысқақ, іш сүзегі, дизентерия, лептоспироз, туляремия, құрттар, бруцеллез, сальмонеллез секілді жұқпалы аурулар бар.

«Су арқылы берілетін вирустық аурулардың ішінде энтеровирустар, А гепатиті жиі кездеседі. Тасыған өзен, көл суы жайылып, қалдық үшін қазылған шұңқырларды, дәретханаларды, ауланы шайып, құдыққа құйылуы мүмкін. Сондықтан су тасыған уақытта қайнатылмаған су ішкен денсаулыққа зиян. Жарамдылық мерзімі жеткілікті бөтелкедегі судың қорын жасаңыз. Оны сумен шайып кетпейтін биік жерде сақтаңыз. Ішу және тамақ пісіру үшін тек осы бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдаланыңыз», - дейді Марина Давлетбаева. 

Тасқын суға малынған тамақ өнімдерін, мәселен жертөледе жатқан көкөністерді пайдалану да қауіпті. Көкөністер мен жемістерді шикі түрде жеген кезде оларды бөтелкедегі немесе қайнатылған сумен жақсылап шайып жуған жөн. 

«Жеке гигиена ережелерін қатаң сақтаңыз, яғни дәретханаға барғаннан кейін, жануарларды ұстағаннан кейін, тамақ дайындамас бұрын және тамақтанар алдында қолыңызды сабынмен мұқият жуыңыз.  Аурудың алғашқы белгілерін байқаған жағдайда өзіңізді-өзіңіз емдемей, дереу денсаулық сақтау мекемесіне медициналық көмекке жүгініңіз», - дейді санитар дәрігер. 

Су тасқыны өткеннен кейін де қауіпсіздікті ұмытпаған жөн. 

«Ауланы тасқын су әкелген қоқыстардан тазартып, кейін оны қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына апарыңыз. Қолданыста құдық бар болса, ондағы ластанған суды сорғызып, ішін дезинфекциялау керек, бұл әсіресе саяжай және ауыл тұрғындарына үшін аса маңызды. Есік алдында жұмыс істегенде инфекция қолмен ағзаға енбеуі үшін қолға қолғап киген жөн, сондай-ақ, жұмыс кезінде тамақ ішпеңіз және темекі шекпеңіз. Үй учаскесін жинау барысында инфекция шаңмен ағзаға түспеуі үшін жұмыстарды орындау кезінде аузыңыз бен мұрныңызды медициналық маскамен немесе дәке таңғышпен жабыңыз. Су басқан жерлерде орналасқан бұлақтардан су ішу қауіпті және тұрмыстық қажеттіліктер үшін табиғи су қоймаларының суын пайдаланбаңыз. Ішуге бөтелкедегі суды пайдалануды ұсынамыз», - дейді маман. 

Бұған дейін СҚО-да 87 елді мекенді су басу қаупі бар екенін айтқан едік. 

Өңірдің бірқатар аудандарында орналасқан шағын өзендердің су деңгейі көтеріліп келеді. Ал Шағалалы өзенінде бір тәулікте су деңгейі бірден 1,5 метрге артты. 

28 наурыз күні СҚО-ға Премьер-Министр Олжас Бектенов келіп, облыстың су тасқынына дайындығын көрді.