Дауыл тұрып, боран соққан күндері кейбір салалардың әлсіз тұстары байқалды – Ақтөбе облысының әкімі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбедегі боран кезінде жүргізушілер байланыстың нашарлығы мен қызмет көрсету сапасына сын айтты. Әкімдікте өткен жиында Асхат Шахаров коммуналдық қызметтің әлсіз тұстарын атады.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, аймақ басшысы Асхат Шахаров дауыл тұрып, боран соққан күндері кейбір салалардың әлсіз тұсы көрініп, бірқатар мәселенің басы ашылғанын айтты.

- Бірнеше күн бойы жолдар жабылды. Бізде кемпингтер аз, қызмет көрсету жоқтың қасы. Жүк және жеңіл көліктердің қосалқы бөлшектерін сататын, азық-түлік өнімдерін жеткізу бойынша қызмет көрсету саласы дамымаған. Адамдар байланыстың жоқтығынан, қоңырау шала алмаған. Жол бойында өзге елдің, өзге аймақтардың азаматтары тұрып қалды. Олар жолда көп жүретіндіктен, сапалы қызмет көрсету дегеннің не екенін жақсы біледі. Біз жолдар салып жатырмыз. Жол бойындағы объектілерді ашуға бизнес-құрылымдарды қызықтыру қажет. Туризмді дамыту, қызмет көрсету саласын жақсарту қажет. Барлық республикалық маңызы бар автожолдар ұялы байланыспен қамтылуы тиіс,- деді облыс әкімі.

Өңір басшысы қандай да бір оқиғаның салдарымен күресуден гөрі, керісінше олардың алдын алу үшін жұмыс істеу қажеттігін еске салды. Коммуналдық қызмет, кәсіпорындар және жергілікті атқарушы органдардың дайын болмауы жұмыстың нашар ұйымдастырылғанын көрсткен. Бұл циклон туралы «Қазгидромет» синоптиктері алдын ала ескерткен.

- Егер ауа райын болжаушылардан алдағы күндердің нашарлауына қатысты хабарлама келіп түссе, мұндай оқиға қайталанбауы үшін бригадаларды қала сыртындағы сумен жабдықтау нысандарына алдын ала жіберу керек. Ақтөбедегі Алтын орда шағын ауданы тұрғындарының сусыз қалғанын елестетудің өзі мүмкін емес. Сорғыларды қоса алмаған деген не сұмдық?! Электр желілері бойынша да мәселелерді шешу қажет. Қала әкімі бау-бақша ұжымдарының тұрғындарымен кездесті. «Энергосистема» ЖШС балансына жеке желілерді беру жағдайы қалай?- деп Асхат Шахаров Энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұртай Сертаевтан мән-жайды сұрады.

Оның айтуынша, өңірдегі электр желілерінің негізгі бөлігі «Энергосистема» ЖШС балансында. 7-9 ақпан аралығында күннің бұзылуы салдарынан облыстағы бірқатар электр желісінде авариялық жағдай болып, елді мекендер жарықсыз қалды. Тек 10 ақпан күні барлық елді мекенде электрмен жабдықтау қалпына келтірілді.

«Ақтөбедегі бау-бақша ұжымдарындағы жеке электр желілері иелерінің тоқсан пайызға жуығы оларды кәсіпорын балансына беруге дайын. Қалғандары бас тартып отыр. Бір өкініштісі, сол жеке электр желілерінің иелері жарық сөнген кезде жөндеу жұмыстарын жүргізбейді, көмек күтіп отырған тұрғындармен байланысқа шықпайды, - деп толықтырды компанияның бас директоры Ержан Жексембинов.

Облыс әкімі коммуналдық қызметтер және аудан әкімдіктерінің басшыларына осындай төтенше жағдай кезінде бірлесіп, іс-қимылдарды пысықтауды, жедел шешімдер қабылдауды және бірге әрекет етуді ұсынды. Ол осы сын сағатта үйлесімді жұмыс істеген Хромтау, Әйтеке би аудандары әкімдіктерін, төтенше жағдайлар және полиция департаменттерін өзгелерге үлгі етті.

Еске салсақ, 7- ақпан күні Ақтөбеде ақтүтек боран болып, ондаған ауыл ауыз сусыз, жарықсыз қалды.