Ақтөбе облысы ақтүтек боранмен қалай күресті

боран
Фото: Pixabay

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеде 7 ақпан күні болған боран мыңдаған абонентті сусыз, жарықсыз қалдырды. Оқушылар үш күн бойы сабақты онлайн оқыды. Аудан, ауылдарда қатынас үзілді. Қазір облыс орталығында жарық, су мәселесі шешілді. Ал кейбір ауылдарда әлі де жарық жоқ. Үш күнде не болды? Тырығықтан шығар жол қайсы? 

Бірінші күн

Ақтөбелік синоптиктер күні бұрын желдің жылдамдығы секундына 30 метерге дейін жетеді деп болжам жасап, хабар таратты. Төтенше жағдайлар қызметі түгел хабар алғанымен, ұйытқып соққан жел көпті әбігерге түсірді.

7 ақпан күні жолдар жабылып, таңда балалардың сабақты онлайн оқитыны белгілі болды. Тек мектеп оқушылары ғана емес, колледж білім алушылары да қашықтан білім алды. Бұл қауіпсіздіктің алғашқы шаралары.

Кейін 6 ақпаннан 7-іне қараған түні бес қабатты үйлердің шатыры ұшты. Бұл тұрғын үйлердің көбі жаңадан салынған.

Сонымен бірге қала маңындағы 7 тұрған алапқа қатынайтын қоғамдық көліктер тоқтатылды. Себебі көру қашықтығы тым төмен әрі жол да жоқ. Полицияның осы шешімінен соң Ақтөбе қаласына жақын тұрған елдімекендердің халқы жұмысқа бармады. Сонымен бірге қала маңындағы облыстық аурухана дәрігерлері де әріптестерін алмастыра алмай, біраз уақыт күтуге туралы келді. Сәрсенбідегі боран кезінде әуежай қызметіне де шектеу қойылды. Ұшып, қону алаңы ұшақтарды қабылдамай, рейстер кейінге шегерілді.

Мұндай жағдайда бірден шұғыл желі іске қосылып, адамдар жолда қалған туыстары мен таныстарын іздеді. Көп ұзамай өңірдегі құтқарушылар жылыту бекеттеріне жүргізушілер мен жолаушыларды жеткізді.

Ақпанның 6-ы күні Ақтөбе облысының әкімі әлеуметтік желідегі парақшасында барлығы 20-дан астам ауылдың жарықсыз қалғанын мәлімдеп, көпшілікті сабырға шақырды. 

Екінші күн

Ақтөбе өңірлік коммуникациялар қызметінде төтенше жағдайлар кезінде дамылсыз жұмыс істеген коммуналдық қызмет мекемелерінің басшылары мен қала әкімі Азамат Бекет брифинг өткізді. Себебі қалада сол күні 5 тұрғын үйдің шатыры ұшып кетті. Келісім бойынша төрт үйді құрылыс компаниясы қалпына келтіруге уәде етсе, біреуі тұрғандардың өз міндетінде болды. Азамат Бекет тек техника бөлуді жөн деп тапты. 

8 ақпан күні Ақтөбеде әуежайдың ұшу-қону алаңы жұмыс істемеді. Сонымен бірге балалар да сабақты онлайн жалғастырды. Тек мектеп емес, колледж білім алушылары, университет студенттері қашықтан оқыды.

Мамандар бұл екі күнде де су, жарық беру мәселесін шешу үшін қызметкерлердің дамылсыз еңбек еткенін айтты. Алайда 2-3 тәулік бойы электр тогынан ажыратылған тұрғындардың шағымы көбейіп, жарықсыз қалғандардың саны арта түсті. Оны жөндеудің өз қиындығы бар. Біріншіден электр жөндеушілер діттеген жерге боран салдарынан жете алмады, екіншіден, ақауды дәл табу уақыт алды.

Аудандарда мектептердегі спорт, мәжіліс залдарының шатыры ұшып, қасбеттері бүлінді. Сол себепті Әйтеке би және Хромтау аудандарында жергілікті жағдайдағы төтенше жағдай жарияланды. Айта кетейік, екі аудан да шығынның қанша екенін әлі атай алмады. 

Борынды күні танылған «батырлар»

Ақтөбедегі әлеуметтік желіден түрлі шағыммен қатар алғысты да көп көруге болады. Екі оқиға еліміздің барлық тұрғынын тәнті етті. Бірі - 18 шақырым бойы жүріп, кейде жүгіріп өткен төтенше жағдайлар қызметкерлерінің еңбегі. Олар Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласыннан Басшилі ауылына дейін «Трэкол» жол талғамайтын көлігімен барды. 73 жастағы қарияны аудан орталығындағы ауруханаға жеткізу үшін №8 өрт сөндіру бөлімінің 8 қызметкері көлік алдына алма-кезек шығып жүрді, кейде жүгірді. Сөйтіп әрі-бері 36 шақырымды еңсеріп, қарияның ақ батасын алды.

Ал хромтаулық фельдшерлер шақыртуға кешігіп жатқан себебін видеоға түсіріп, дичпетчерге жіберді, сөйтіп бір-ақ сәтте бүкіл елге танылды. Жүрегі сыр берген науқасқа барған олар жарты жолда көліктен түсіп, жаяу омбылауға мәжбүр болған. Осы сәтті түсіріп алған Сая Рысбай мен оның жанындағы екі фельдшер бүгінде алғысқа бөленіп жатыр. Алдымен еліміздің Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова алғысын білдіріп, еңбегі ескеруміз қалмайтынын айтты. Сонымен бірге Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров марапаттады.

Үшінші күн

9 ақпан күні Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров өңірдегі жағдайды бағамдап, түні бойы атқарылып жатқан істерге тоқталды. Сол сәтте 50-ден астам ауылдың жарықсыз қалғанын, оның тең жартысында электр тогы қайта қосылғанын хабарлады. Мұндай күндері сабырлы болып, ауызбіршілік танытуға шақырды.

Бұл күні де мектеп және колледжде сабақ онлайн өтті. Ал қоғамдық көлік тасымалы қалпына келтірілді. Ақтөбе қаласындағы тұрғын алаптарына жарық беріліп, су жүйесі қалпына келтірілді. Екі күнде ауыз сусыз отырған көпқабатты үйдің тұрғындары болса, өзге қажеттілік үшін қар ерітіп, шыдап бақты.

Сонымен бірге әуежай қызметі қалпына келтірілді.

Бүгін

Бүгін, яғни, 10 ақпан күні Самара-Шымкент тасжолында тек жеңіл көліктің бір бағытта қозғалуына рұқсат берілді. Ал бұл жолда 3 мыңға жуық жүк көлігі тұр. Бұл көліктер боранды күні қар ұстап қалып, қатынасты екі есе қиындатып жіберген. Кейбір көліктердің жүргізушісі іздестірілді. 

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров Хромтауға бағытталған жолдағы жағдайды білу үшін іссапарға шығып, жүргізушілермен де кездесті.

Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қар толық аршылғанша жүк көліктерінің жүруіне рұқсат жоқ. Ал «Энергосистема» ЖШС баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта 500-ден астам абонент жарықсыз отыр. Олар Хромтау, Алға, Әйтеке би ауданындарындағы ауылдар.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі кезде боранды күні өз қызметін адал атқарған сала мамандарының тізімі жасақталып жатыр. Олардың әрқайсысы марапатталады.

Соңғы жаңалықтар
telegram