Қатты соққан желдің салдарынан 20-дан астам ауыл жарықсыз отыр - Асхат Шахаров

қар жел
Фото: Pexels

АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде 20-дан астам ауылда жарық жоқ. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.

Ақтөбе облысында боран салдарынан электр сымдары зақымданып жатыр.

Облыс әкімі 20-дан астам ауылда жарық жоқ екенін хабарлап, жұмыс тоқтаусыз жүріп жатқанын айтты.

— Күшті боран, ауа райының қолайсыздығы тұрғындарды әуре-сарсаңға салуда. Қазіргі уақытта облысымызда қатты соққан желдің салдарынан 20-дан астам ауыл жарықсыз отыр. Күн демей, түн демей, мамандарды жұмылдыра отырып, бұл апаттық жағдайға байланысты қалпына келтіру жұмыстарын күшейтілген режімде жүргізіп жатырмыз. Қала бойынша 15 бригада жарық сөнген жерлерге жұмылдырылды. Қажетті техникалар мен көліктер бар. Облыс бойынша электр қуатынсыз қалған аудандардағы кейбір ауылдарда да жұмыстар жасалуда. 20 авариялық бригада мен 70-ке жуық техника тартылды. Кей елді мекендерде қуат көзі қалыпқа келтірілді. Табиғаттың тосын мінезінен электр жарығының сөнуіне қатысты апаттық жағдай жеке бақылауымда. Электр қуатын қалыпқа келтіріп, тұрғындарды тез арада жарықпен қамту бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырма берілді. Тиісті басқармалар мен мекемелер қосымша ақпараттан хабардар етіп отырады, — деп жазды Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров. 

Еске салсақ, Ақтөбеде боран салдарынан мектеп оқушылары қашықтан оқыды.

Рейстер кейінге шегерілді.  

Соңғы жаңалықтар