Вашингтон сотына түсірілген талап арызда Трамп әкімшілігіне заңды түрде тіркелген сайлаушыларды тізімнен алып тастауға немесе дауыс беруден шеттетуге тыйым салатын сот шешімін шығару талап етілген.
Демократ сенатор Чак Шумер бастаған шағымданушылар президент әкімшілігі 3 қарашадағы сайлау алдында штаттардағы сайлау комиссияларының қызметкерлерін соттатам деп заңсыз қоқан-лоққы жасады деп тануды талап етіп отыр.
Талап арызда АҚШ Әділет министрлігінің Калифорниядағы жақында жасаған әрекеттері баяндалған. Министрлік штаттың сайлау комиссияларының қызметкерлеріне федералды үкімет АҚШ азаматы болмауы мүмкін деп таныған адамдардың поштамен жіберілген бюллетеньдерін олардың иммиграциялық мәртебесі расталғанға дейін санауға тыйым салуды талап етіп сотқа шағымданған болатын.
АҚШ Әділет министрлігі өз мәлімдемесінде сайлаудың тұтастығы әкімшілік үшін басты басымдық екенін және оның бұл тұрғыдағы әрекеттері заң мен сот ісіне негізделгенін мәлімдеді.
Президент әкімшілігінің үстінен арыз түсіргендердің қатарында Демократиялық партияның Сенатқа сайлау жөніндегі комитеті, Демократиялық партияның Конгреске сайлау жөніндегі комитеті және Демократ губернаторлар қауымдастығы бар. Іс бойынша сотта Трамп, АҚШ Әділет министрлігі, Бас прокурор Тодд Бланш, АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігі және Ішкі қауіпсіздік хатшысы Марквейн Маллин жауапкер тарап болмақ.
Бұл демократтардың Трамп билігіне қарсы сотқа жүгінген алғашқы арызы емес. Мәселен, былтыр Демократиялық партияның бас прокурорлары АҚШ президенті Дональд Трамптың туа біткен азаматтықты алып тастау туралы жарлығына байланысты сотқа шағым түсірген болатын.
Сондай-ақ, АҚШ-тың Нью-Джерси штатында 2023–2024 жылдары шамамен 6600 АҚШ азаматы емес адам бағдарламалық қамтамасыз етудегі қателік салдарынан сайлаушылар тізіміне қате тіркелген.
АҚШ-та Дональд Трампты қолдау деңгейі рекордтық төмен көрсеткішке жетті.