АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық теннисші, әлемнің 340-ракеткасы Денис Евсеев Бейжің (Қытай) челленджер турнирінде іріктеу сайыстарының финалына шықты.
Іріктеуде 8-ракетка болып тіркелген Д.Евсеев бастапқы кездесуінде рейтингіде 844-орында тұрған қытайлық Яо Дзенганы қапы қалдырды.
Бірінші партияда 6:4 есебі тіркелсе, Евсеев екінші сетте де қарқынын жоғалтқан жоқ – 6:2.
Сағат жарымға созылған бәсекеде Д.Евсеев 1 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Дзенга 4 эйс, 2 брейкпен (3 брейк-пойнт) ерекшеленді.
Денис Евсеев іріктеу сайыстарының финалында әлемнің 292-ракеткасы, тайбэйлік Тун-Лин Вумен кездеседі. Оны жолдан тайдырса, негізгі жарысқа жолдама алады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің Қытайдағы турнирдің жартылай финалында ойнайтынын жазған едік.
Сондай-ақ Александр Шевченко Қытайдағы жарыстың жартылай финалына шықты.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).