Депутаттықтан үмітті 200-ден астам ақтөбелік кандидат куәлігін алды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына 712 адам өтішін берді. Қазіргі кезде олардың 251-і депутаттыққа кандидат куәлігін алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттығына 712 кандидат тіркелді.

Тіркелген кандидаттардың 80% астамы өзін-өзі ұсынған.

Бір мандаттық жүйе бойынша Мәжіліске 24, облыстық мәслихатқа 85, Ақтөбе қалалық мәслихатына 155, аудандар бойынша 448 канидат ұсынылды.

Қазіргі кезде заң талаптарына сай тексеру жүріп жатыр.

«Облыстық мәслихатқа 6 партиядан кандидат ұсынылды. Олардың жалпы саны – 59. Қазіргі уақытта тіркеу жұмыстары жүріп жатыр. Тіркеу 18-ақпан күні сағат 18:00-де аяқталады. Көші-қон полициясы мен прокуратура тексеруінен өтеді. Кейін салық органдарына декларация тапсырады. Сонымен бірге жарна төлейді. Осы сатыдан өткендеріне кәулік беріледі. Декларация қате болса, тіркеу туралы шешімге өзгеріс енгізіліп, кандидаттығын тоқтатады. Қазір барлығы 251 кандидатқа куәлік берілді. Саяси партия бойынша «Amanat», «Ақжол» мен «Ауыл» партиясының кандидаттарына куәлік берілді. Қалған күш партия құжаттарын толық тапсырмады», - деді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.

Еске салсақ, бұрын облыс бойынша 202 мандат болды. Бұл жолы облыстық мәслихатқа екі, қалалық мәслихатқа бір мандат қосылды.

Енді облыстық мәслихатта 34 депутат болады. Оның тең жартысы партиялық тізіммен, қалғаны 17-і сайлау округі арқылы сайланады.

Оның 10-ы Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандардан.

Ал қала мен аудандарда барлық депутат бір мандаттық жүйе арқылы сайланады.