Ақтөбеде Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына 45 адам өтініш берді
«Мәжіліс, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына өз-өзін ұсынушылар өтініш беріп жатыр. Қазір барлық комиссия мүшелері таңғы 9:00-ден 18:00-ге дейін тіркеу жүргізеді. Жалпы облыс бойынша 205 мандат бар. Бұрын 202 мандат болды. Бұл жолы облыстық мәслихатқа екі, қалалық мәслихатқа бір мандат қосылды. Сөйтіп 34-і облыстық мәслихатта болады. Оның 50% партиялық тізіммен, қалған 17-і сайлау округі арқылы сайланады. Оның 10-ы Ақтөбе қаласында, қалғандары аудандарда. Ал қала мен аудандарда барлық депутат бір мандаттық жүйе арқылы сайланады»,-деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Жүсіпов.
Мәжіліске қатысты Ақтөбе облысында №10 округтік сайлау комиссиясының құрамы бекітілді. Талап бойынша Мәжіліске 70% партиялық тізім, қалғаны бір мандаттық жүйемен сайланады. Мұнда облысқа 5 орын берілген. Оның төртеуі партиялық тізім арқылы, біреуі бір мандаттық жүйемен сайланады.
«Бір сайлаушы қолына бес бюллетень алады. Оның екеуі Мәжіліс, үшеуі түрлі деңгейдегі мәслихат депутатын таңдауға мүмкіндік береді. Бір мандаттық жүйеге партия, қоғамдық ұйымдар да кандидатын ұсына алады. Қоғамдық ұйымдардың жарғысында бәрі анық көрсетілуі керек. Мәжіліске 25 жасқа толған, соңғы 10 жылда Қазақстанда тұрған адам өтінім бере алады. Ал мәслихатқа үміткер болғысы келетін адамның жасы 20-ға толған болуы керек. Әуелі сайлау округін таңдайды. Үлгіге сай өтініш беріп, өмірбаянын жазады. Жеке куәлігінің көшірмесін қоса тапсырады. Кейін құжаттары тексеріледі. Сотталған, жазасын өтіп жүрген адамдар, сыбайлас жемқорлық заңнамасын бұзғандар тіркелмейді»,- деді Нұрлыбек Жүсіпов.