АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақтуризм Димаш Құдайбергеннің туған жеріне екі күндік турмаршрут ұйымдастырып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қазақтуризмнің әлеуметтік желідегі парақшасында екі күндік турмаршруттың қалай өтетіні туралы жазылған. Қонақтар алғашқы күні қала ішін аралап, Ақтөбенің көрікті жерлерімен танысады. Музейге барып, өңірдің тарихымен, қазба байлықтары және табиғи ландшафтары туралы ақпарат ала алады. Кейін Димаш Құдайбергеннің репертуарындағы әндері бар караокеде тынығады. Ал екінші күні әнші білім алған мектепке барып, сыныбын қарайды. Партасына отырып, Димаштың оқу үлгерімін табельден көреді. Мектептегі музейде Димашқа арналған арнайы бұрыш та жасақталған.
Айта кетейік, турмаршрутта Димаш музыкалық білімін жетілдірген Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж бар. Әрі туристер қазақтың ұлттық тағамын дайындау үшін шеберлік сабағына қатысады.
Еске салсақ, Димаш Құдайберген Нұр - Сұлтан қаласында «Арнау» атты концертін өткізеді. Әлемнің әр түкпірінен келген фанаттары үшін Ақтөбеге бағытталған турмаршрут қызықты болуы мүмкін.
Алтынай Сағындықова
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.