Димаш болашақта «Евровидение» байқауына баруы керек - әншінің ұстазы

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Димаш Құдайберген Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде төрт жыл бойы білім алды. Ол Академиялық ән салу бөлімінің түлегі. 

Ұстазы - Марат Әйтімов. Колледжде оқып жүрген кезінде дауысының ерекшелігін байқадық. Бояуы, диапазоны ешкімге ұқсамады. Әншілеріміз 2 октава алатын болса, ол әнді бірден 3 октавода орындады. Қазір төрт октавоға жетті. Бұл өте сирек кездеседі. Бізде емес, әлемде сирек кездесетін дауыс. Бұл туралы «ҚазАқпарат» тілшісіне Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж директоры Аманжол Исмағұлов айтты.

Димаш Құдайберген Қытайда өтіп жатқан «Мен әншімін» атты байқаудың алғашқы күні-ақ ерекше көзге түсіп, ел қуанышына бөлене бастады. Байқаудың әр айналымын үзбей көріп, бейне сәлемдеме, қолдау хат жіберіп отырған ұжымдар арасында Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж де бар. Себебі, Димаш осында білім алды, қалыптасты, үлкен сахнаға жол ашылды.  

null 

«Димаш музыкалық студияда оқыды. Ал колледжге түскен кезде тыңдалым өтіп, дауысының ерекшелігі бірден байқалды. Ол - табиғи дауыс иесі, тегіне тартқан. Ата-анасы Қанат пен Света Айтбаевтар елге танымал әнші. Бірден классикалық емес, эстрадалық ән өнеріне бейім екені көрінді. Бізде эстрада бөлімі болған жоқ. Сондықтан академиялық әндерді айтты. Емтихандарда өз бағдарламасын толық орындады. Бұл Димаштың таңдауы, бағыты. Ұстазы Марат Әйтімов ешкімге ұқсамайтын әдістемесімен тәрбиеледі»,- деді музыкалық колледждің директоры Аманжол Исмағұлов.

Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледжде білім алған Димаш Құдайберген 2-курстан бастап түрлі байқауларға қатысты. Алғашқысы  -  «Восточный базар» байқауы. Ол бірден бас жүлдені иеленді. Көптің қошеметіне бөленді, Алматы мен Астанадағы консерватория, өнер академиясы басшыларының көзіне түсті. Олар Димашты өздері тәрбиелеуді мақсат етті.  

«Алматы, Астанаға барған кезде оқу болмайды. Болса да, біздікіндей емес.  Себебі, ол жердегі оқытушылар құрамы, профессорлар үнемі гастрольде жүреді, дайындыққа уақыт аз болады. Бұл - бір. Екіншіден, Димаштың ерекше дауысын байқаған кезде концерттерге көп шығаратын болады. Ақтөбеде де концерттер бар, бірақ дайындыққа уақыт көп еді. Сол кезде Қанат Айтбаев келіп, оған кеңес бердім. «Димаштың дауысы қатайған жоқ, қалыптасып келе жатыр. Емтихандарда тыңдаймыз, бәрі дұрыс. Болашағы зор баланы қайта-қайта концерттерге апарып, дауысын бұзып алуымыз да мүмкін. Әрі үйдегідей бап болмайды. Өзі тәртіпті, инабатты бала. Үйден ұзап шығып көрмеген. 19 жасқа дейін Ақтөбеде болса, дауысы қатайған соң консерваторияға түседі» деп айттым. Қанат жібермеді, Димаш осы жерде оқуын бітірді»,- деді А.Исмағұлов.

Бұған дейін «Восточный базар», «Славян базары» байқауларында топ жарған Димаш қазір Қытай сахнасын бағындырып жүр. Күн өткен сайын абыройы артып, танымалдылығы еселене түсті. Алда әлі 12 айналым бар. Әр апта сайын әнін тыңдап, тамсанып, таң қалып отыратын музыкалық колледж ұжымы әлеуметтік желі арқылы өз құттықтауларын жеткізіп отыруды ұмытқан емес. Көбі бәсекелестерінен қорқады, сақтанып жүруін тілейді.

null 

«Жанында әкесі Қанат Айтбаев жүр. Ол дұрыс. Қазіргі уақытта өкінішке қарай әртүрлі жағдайлар болып жатады. Адамдар біз кинодан көріп жүрген көптеген қитұрқы әрекеттерге баруы мүмкін. Тамағына қосып береді, дауысын бұзады. Ондай жоқ емес, бар. Көбіне айтылмайды. Көріп, естіп жатырмыз. Витебскіге барғанда Димаш мұны өз басынан өткерген. Қытайда да бәсекелестік мықты. Оны қарсыластарының таң қалған түрінен көріп отырмыз. Витастың әнін орындағанда «шалқаларынан» түсті. Колледжде ән айтып жүргенде де «артық алмасыншы, жыртып алады дауысын» деп қорқатын едім. Ұстазы Марат Әйтімов оның қоры бар екенін білді, сенді», деді А.Исмағұлов.

Ұстаздары Димаштың алар асуы әлі алда деп отыр. Олар жас таланттың Еуропа сахнасын бағындырғанын қалайды.

«Димаш болашақта «Евровидение» байқауына баруы керек. Тарихта Қазақстаннан ешкім қатыспаған ол байқауға. Бір қорқатыным, қандай конкурсқа барса да ол екінші орын алып көрмеген. Оған психологиялық та дайындық қажет. Екінші орын алса, басылып қалуы мүмкін. Димаш Ақтөбеге келгенде колледжге арнайы соғады. Бір келгенінде «Жер бетімен жүр, көтерілме. Көтерілсең, жұлдыз боласың, ешкімді танымайсың» дедім. Димашта ондай жоқ. Ата-анасы жақсы тәрбие берген. Екіншіден, үнемі таң қалдырамын деген ойдан арылған дұрыс. Қазір таң қалдырып, дауысыңды жоғалтуың мүмкін. Үнемі қорды сақтап, одан биік алудан сақтану қажет. Бұл маман ретінде айтқан ақылым»,- деді музыкалық колледж директоры.

null 

Аманжол Исмағұловтың айтуынша, бұл ерекше екінші дауыс. Дәл осы дауыс әлем деңгейінде ән шырқаған Ерік Құрманғалиевте болған. «1983 жылы ол Алматыдағы консерваториясына түсуге келіп, ұстаздар Мәскеуге жіберді. Екінші курста Еуропаға барып, альтино дауысымен бас жүлде алды. Алматыда концерті болды. Өкінішке қарай, тума талант, табиғи дауыс иесі қаза болды. Көзіңді жұмып тыңдасаң, қыз ән салып тұрғандай еді. Содан кейінгі екінші дауыс - Димашта. Ерекшелігі - Ерік опера, Димаш эстрада бағытында. Димаш та әлем деңгейіндегі мықты әнші»,- деді А. Исмағұлов.

Айта кетейік, Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледж түліктері жан жақта жүр. Ән салу бөлімінің алғашқы меңгерушісі Николай Таубеков. Колледж түлектерінің арасында  Мәскеудегі опера және балет театрының солисі Светлана Косян, әнші Өмірқұл Айниязов, Мирас Бекжанов, Ерке Есмахан, Қайрат Қапанов, Абай атындағы опера және балет театрының солисі Есенгелді Ырза, Венера Алпысбаева, әнші Қайрат Игіліков, Динара Таубекова бар. Қазіргі күні Академиялық ән салу бөлімінде Зухра Төлемісова мен тағы үш ұстаз еңбек етіп жатыр. Бұл бөлімде барлығы 35 бала білім алып жүр.

null 

Димаш Құдайбергеннің суреті музыкалық колледждің Академиялық ән салу бөлімінде, дәзілде, ұстаздарының кабинетінде ілулі тұр. Бұл - мақтаныш, абырой. Ал Димаш Құдайберген Ахмет Жұбановтың портретін колледжге сыйға берген. Бұл - түлектің алғысы, ризашылығы. 

null 

Алтынай Сағындықова

Соңғы жаңалықтар