ОРАЛ. KAZINFORM – Допты хоккейден жоғары лига командалары арасында бүкілресейлік жарыста өнер көрсететін «Ақжайық» ойыншылары Рауан Исалиев пен Максим Пахомов гол мен пас беруден алда келеді.
«Ақжайық» спорт клубынан түскен мәліметке қарағанда, Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Рауан Исалиев 16 матчта 72 нәтижелі пас жасады.
Рауан жоғары лиганың үш тобын түгел алғанда, пас беруден алдына жан салмаса, ресейлік легионер Максим Пахомов 74 голмен сұрмергендер көшін бастады.
Р.Исалиев пен М.Пахомов қазірдің өзінде бірегей нәтижеге қол жеткізіп отыр. Алда финалдық кезеңді қоспағанда, «Ақжайық» өткізетін әлі 12 матч бар екенін ескерсек, олардың көрсеткіші одан сайын жақсара түсетіні анық.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» орынборлық команданы 17:0 есебімен ойсырата ұтқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ допты хоккейден «Ақжайық» Ресей біріншілігінде жүлдеге таласа ала ма, соны хабарладық.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).