Хантавирус — негізінен кеміргіштер арқылы тарайтын қауіпті дерт. Адам ағзасына вирус жұқтырған кеміргіштердің сілекейі, нәжісі сияқты бөлінділерімен тікелей байланысқанда жұғады. Сондай-ақ ауадағы шаң-тозаң бөлшектері арқылы да жұқтырып алу қауіпі бар.
Маманның айтуынша, бұл дертке қарсы вакцина жоқ, сондықтан басты назарды жеке гигиена мен сақтыққа аудару қажет.
— Бұл вирус қызылша немесе коронавирус сияқты ауа-тамшы жолдарымен оңай таралмайды. Негізгі резервуары — кеміргіштер. Адамдар тышқандар өмір сүретін орындарда дем алғанда немесе солармен тікелей байланысқа түскенде инфекция өкпеге түсуі мүмкін, — деді ҚР ДСМ Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің басқарма басшысы Жасұлан Алпысбаев.
Жасұлан Алпысбаев гигиена — ең басты сақтық шарасы екенін атап өтті.
— Шетелге, әсіресе Оңтүстік Америка елдеріне экологиялық туризммен баратын азаматтар келесі қағидаларды қатаң сақтауы тиіс. Мысалы тамақ ішер алдында қолды мұқият жуып, жеке тазалықты сақтау керек. Көше тағамдарынан, стихиялық сауда орындарынан ас ішпеуге және тек қайнатылған немесе бөтелкедегі суды пайдалануға кеңес беремін. Сонымен қатар тышқандар көп шоғырланған мекендерге бармауға тырысу қажет. Егер экспедиция немесе арнайы жобамен бару қажет болса, міндетті түрде сақтық киімін және маска кию арқылы қорғана алады, — деп ескертеді ол.
Сапардан келген соң 7-ден 42 күнге дейін созылатын инкубациялық кезеңде бас ауруы, әлсіздік, тыныс тарылуы байқалса, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет.
— Дәрігерге барғанда қай елде болғаныңызды ашық айту өте маңызды. Хантавирустың алғашқы белгілері ЖРВИ-ге ұқсас болғандықтан, дәрігердің дұрыс протокол қолданып, шешім қабылдауына осы ақпарат көмектеседі, — деп түсіндірді маман.
Қазіргі уақытта еліміздің мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінде бақылау шаралары күшейтілген. Шетелден келген туристер мен азаматтар арнайы құрылғылар арқылы тексеріледі. Егер адамда температура немесе ауру белгілері анықталса, тиісті алгоритм бойынша оқшаулау және емдеу шаралары жүргізіледі.
Еске сала кетейік, барлығы сәуірдің басында басталды. Аргентинадан Кабо-Вердеге бағыт алған круиз кемесінде жеті адам вирус жұқтырған. Олардың үшеуі көз жұмған.
Сонымен қатар Израильде Шығыс Еуропадан оралған жолаушыдан алғаш рет хантавирус тіркелді.
Бұған дейін ДДҰ MV Hondius кемесіндегі науқастармен байланыста болған адамдарға 42 күндік карантин сақтау жөнінде кеңес берген еді.
Сондай-ақ хантавирус анықталған круиздік кемеден эвакуацияланған соңғы топ Нидерландқа ұшатыны туралы жаздық.