Екі айда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 830 млн доллардан асты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Өзбекстан Ұлттық статистика комитетінің ақпаратына сай, екі айда елдің сыртқы сауда айналымы 11,6 млрд долларға жетіп, 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,1%-ға өсті. Қаңтар-ақпанда көршілес мемлекет әлемнің 160 елімен сауда-саттық жасады.

Өзбекстанның негізгі сауда серіктестері көшін Қытай бастап тұр. Екі мемлекет арасындағы тауар айналымы 3,1 млрд доллардан (жалпы көлемнің 27,5%-ы) асты.

Ал сауда-саттықтың 18,3%-ы Ресейдің үлесіне тиесілі. Бұл елмен арадағы экспорт-импорт көлемі 2,1 млрд доллардан артық.

Сондай-ақ, көшбасшылардың үштігін Қазақстан түйіндейді. Ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 837,5 млн доллардан (7,2%) асты. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 177,1 млн долларға көп.

Қамтылып отырған кезеңде Өзбекстан 160,4 млн доллардың тауарын экспорттап, 677 млн доллардан астам сомаға өнім импорттаған.

Еске салайық, бүгін Ташкентте Қазақстан мен Өзбекстан Сыртқы істер министрліктерінің өзара ынтымақтастық бағдарламасы қабылданды.

Қоса кетсек, биыл қаңтарда ресми Астана мен Ташкент арасындағы тауар айналымы 400 млн доллардан асқан еді.

Сондай-ақ, биыл алғашқы екі айда 380 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.