Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, Степногорск қаласында 7 желтоқсан күні сағат 21.45-те және Көкшетау қаласында 10 желтоқсан күні сағат 19.00-де жылумен жабдықтау тораптарында жарылыс болған.
«Степногорск қаласында жедел штаб құрылды. Жылумен жабдықтау магистраліндегі апат 1 тәулік ішінде жойылды. Барлық жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Қаланы жылумен жабдықтау толық көлемде қалпына келтірілді. Температура жұмыс нормасына дейін жеткізілді. Ауа райына байланысты жедел штаб әлі жұмыс істеп тұр. Азаматтардың өтінішіне уақытылы ден қою үшін жергілікті жұмыс топтары жұмыс істеп жатыр. Көкшетау қаласындағы құбырға келген зақым тәулік ішінде жойылды. Жөндеу жұмыстары кезінде үйлердегі ыстық су ағызылған жоқ. Бұл пәтерлердегі температураны нормативке сай ұстап тұруға мүмкіндік берді. Жалпы жылыту маусымы штаттық режимде өтіп жатыр. Шағын олқылықтардың бәріне жедел бригада дер кезінде ден қойып отыр», - деді әкім.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов көмір орнына мазут жағу тәсілі Екібастұздағы апаттың салдарын жеңілдетуге мүмкіндік бергенін айтты.
«Желтоқсанның 9-ынан 10-ына қараған түні Екібастұз жылу-энергетикалық орталығында су жылыту қазандық агрегаттарында күл шығаруға арналған су құбыры зақымдалды. Бұл ретте «Екібастұз ЖЭО»-ға тиесілі қазандықтардың ешқайсысы тоқтамағанын, қаланы жылумен жабдықтау үзілмегенін, бір де бір нысан жылусыз қалмағанын атап өткен жөн», - деді облыс басшысы.