Экономика бойынша Нобель сыйлығы АҚШ ғалымдарына берілді

АСТАНА. KAZINFORM — Америкалық ғалымдар Роберт Холл мен Майкл Вудфорд 2026 жылғы экономика саласындағы Нобель сыйлығының иегері атанды. Бұл туралы бүгін Стокгольмдегі Швеция Корольдік ғылым академиясы мәлімдеді, деп хабарлайды BILD .

Фото: nobelprize

Сыйлық «макроэкономикалық тұрақтандырудың микроэкономикалық негіздері» тақырыбындағы зерттеулері үшін табысталды. Ғалымдар жеке тұлғалар мен компаниялардың шешімдері тұтастай алғанда экономикаға қалай әсер ететінін және үкіметтердің дағдарыстардың салдарын қалай азайта алатынын түсінуге көмектесетін экономикалық модельдерді әзірлеген.

Биылғы сыйлықтың мөлшері 12 миллион швед кроны (шамамен 1,2 миллион доллар). Сыйлық Альфред Нобель қайтыс болған күні, 10 желтоқсанда тапсырылады.

Басқа Нобель сыйлықтарынан айырмашылығы, экономика саласындағы сыйлық Альфред Нобельдің өсиетіне кірмеген. Бұл сыйлықты беру бастамасына 1968 жылы Швецияның орталық банкі мұрындық болған, ал марапаттар бір жылдан кейін беріле бастады.

Еске сала кетейік, биыл медицина саласындағы Нобель сыйлығы Германия мен АҚШ ғалымдарына, физика бойынша бельгиялық ғалымға берілсе, химия саласындағы Нобель сыйлығын Франция мен Жапония ғалымдары, ал канадалық ақын Энн Карсон әдебиет саласындағы Нобель сыйлығын алды.