— Жәбір көрушіден жауап алынды, өкінішке қарай, мән-жайды толық тарқата алмаймын. Жәбір көрушінің өтініші бойынша сот отырысы кейінге қалдырылды, 20 маусымда өтеді, — деді Жәңгір Сәдуақас БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Прокурордың айтуынша, келесі сот отырысы да жабық режимде өтеді.
— Қылмыстық іс 3 томнан тұрады. Сотқа қатысушы тараптар іс материалдарымен танысты. Келесі отырыста жәбір көрушіден жауап алу жалғасады, — дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай сот экс-дипломат Сәкен Мамашты үйқамақта ұстаудан бас тартты.
Бүгін Астанада экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы басталды.
Экс-дипломат Сәкен Мамашқа қатысты сот отырысы ішінара жабық өтеді.
Айта кетейік, Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаш биыл 4 сәуірде қамауға алынды.
Еске сала кетсек, былтыр мамырда Қазақстанның БАӘ-дегі елшіліктің кеңесшісі Сәкен Мамаш әйеліне үнемі күш көрсеткені, тіпті жұбайының әпкесіне де қол көтергені туралы хабарлаған едік.
Артынша әйелін ұрды деп айыпталған қазақстандық дипломатқа қылмыстық іс қозғалды.
Сондай-ақ елші кеңесшісінің әйелі Карина Мамаш дағдарыс орталығына орналастырылды.
Кейін әйелін ұрған экс-дипломатқа қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Биыл 21 мамырда әйелін үнемі ұрып келген экс-дипломат Сәкен Мамаштың ісі сотқа жіберілді.