Елде 9,1 миллион ірі қара тіркелді — АШМ
АСТАНА. KAZINFORM — Ел аумағында 9,1 млн бас ірі қара мал тіркелді. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлім етті.
— Бүгінде ел аумағында 9,1 млн бас ірі қара мал, 23,7 млн ұсақ мал, 4,7 млн жылқы, 302 мың түйе және 569 мың шошқа тіркелген, — деді А. Бердалин Сенатта ветеринариялық қызмет тақырыбын талқылауға арналған Үкімет сағатында.
Оның сөзіне қарағанда, министрлік қабылдаған шаралардың арқасында еттің барлық түрлерін өндіру көлемі 914 мың тоннаға дейін ұлғайды, соған сәйкес сиыр еті мен қой етінің экспорты 60,8 мың тоннаға дейін өсті.
Еске салсақ, 2024 жылдың 11 айында ет экспортының көлемі 73 мың тоннаға жетті, ал 2023 жылдың 11 айында бұл көрсеткіш 50 мың тонна болған. Негізгі экспорттық нарықтар: Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан.
Бұған дейін 2025 жылдың 7 айында 608,8 мың тонна ет өндірілгенін жазған едік.