Елде ТЖ кезіндегі іс-қимылды үйлестіруге арналған республикалық жедел штаб құрылды
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр жаһандық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруді қамтамасыз ететін республикалық жедел штаб құру туралы қаулыға қол қойды.
Штаб құрамына ауыл шаруашылығы, экология, қорғаныс, қаржы және өзге де негізгі министрліктер мен ведомстволардың басшылары кірді. Жедел орталықты Премьер-министр басқарады, оның орынбасарлары ретінде вице-премьер мен Төтенше жағдайлар министрі белгіленді.
Сонымен қатар штаб мүшелері қатарында денсаулық сақтау, әділет, көлік, энергетика, цифрлық даму, мәдениет және ақпарат, сауда, өнеркәсіп, су ресурстары, ұлттық экономика министрлері және басқа да мемлекеттік органдардың бірінші басшылары бар. Келісім бойынша Атом энергетикасы агенттігінің төрағасы да құрамға енгізілді.
Сондай-ақ құрамға барлық облыстардың, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдері кірді.
Республикалық жедел штаб төтенше жағдайлар басталған сәтте және одан кейінгі кезеңде мемлекеттік органдардың іс-қимылын үйлестіру, шұғыл шешімдер қабылдау және қажетті шараларды ұйымдастыру міндетін атқарады.
Құжат биыл 4 желтоқсанда қабылданды.
Айта кетейік, ШҚО-да қыста төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету үшін 900-ден астам техника әзірленді.
Сонымен қатар Қытай төтенше жағдайлар саласына ЖИ-ді енгізгенін жазғанбыз.