- Мәдениет және ақпарат және Ішкі істер министрліктері бірлесіп білім туралы жалған дипломдарды дайындау және сату фактілерін анықтау, сондай-ақ осындай заңсыз әрекеттің жолын кесу бойынша тұрақты негізде жұмыстарды іске асырды. Аталған жұмыстардың нәтижесінде ІІМ-мен бірлесіп биыл интернет-ресурстарындағы бірнеше парақша мен аккаунттар бұғатталды, - делінген ведомство ақпаратында.
Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексiнің 385-бабына сәйкес, жалған құжаттарды жасау әрекетіне 2 000 айлық есептік көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, 600 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Сонымен қатар 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе сол мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
- Жалған құжатты пайдаланғандарға 160 айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салынады немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, сондай-ақ 160 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартылады. Бұдан бөлек, осындай заңсыз әркетке барғандар 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алынады, - деп аталып өткен комитет мәліметінде.
Айта кетейік, қазіргі кезде 46 жалған диплом және оларды заңсыз дайындаумен айналысқан 20 интернет-ресурс анықталды.
Бұған дейін ШҚО-да жалған диплом жасатқан жаттықтырушы жазаланды.
Еске салсақ, дипломдардың заңсыз айналымын болдырмау үшін Министрлік дипломдардың базасын құрды.