Елдегі қай жолдар сыртқы қарыз есебінен салынып жатыр

Фото: Коллаж: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қаржы министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауабында сыртқы қарыздың есебінен іске асырылып жатқан жобаларды атады.

«Үкімет қарыздары бірінші кезекте жұмыс орындарын ұлғайтуға жағдай жасайтын, бюджетке қосымша түсімдер әкелетін және материалдық активтерді құруға бағытталған, әлеуметтік маңызы бар жобаларға тартылуда. Бүгінгі таңда мемлекеттік сыртқы қарыздардың қолданыстағы портфелі бірқатар ірі инфрақұрылымдық, сондай-ақ экономиканың әртүрлі салаларындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қамтиды», - деп жазылған министрлік мәліметінде.

Нақтырақ айтсақ, сыртқы қарыздар 4 бағыттағы жобаларға жұмсалып отыр.

Автожол саласында:

  • Алматы және Қарағанды облыстарында – «Құрты-Бурылбайтал», «Ұзынағаш-Отар», «Балқаш-Бурылбайтал»;
  • Ақтөбе және Атырау облыстарында – «Ақтөбе-Мақат»;

Қызылорда және Түркістан облыстарында – «Қызылорда облысының шекарасы - Шымкент» жол учаскелерін реконструкциялау;

Сумен жабдықтау секторында:

  • Алматы, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарында «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру» жобасының екінші кезеңі».

Білім беру және ғылыми зерттеулер саласында:

  • «Өнімді инновацияларды ынталандыру»,
  • «Орта білім беруді жаңғырту» жобалары;

Мемлекеттік секторды жетілдіру шеңберінде:

  • кеден пункттерін жаңғырту жөніндегі жобасы.

Министрліктегілер аталған қарыздардың пайыздық мөлшерлемесі мен негізгі соманың сыртындағы артық төлемнің мөлшерін ашып айтудан бас тартып отыр.

«Үкіметтік сыртқы қарыздарды тарту мөлшерлемелері бойынша деректерді ашу кредиторлар үшін сезімтал ақпарат болып табылатынын және кейінгі қарыз алу шарттарына теріс әсер етуі мүмкін екенін атап өтеміз», - делінген жауапта.

Бұған дейін Қазақстан Үкіметі қай елге қанша қарыз екенін жазған болатынбыз.

Жыл басынан бері Үкімет ішкі нарыққа мемлекеттік бағалы қағаз шығару арқылы 4 трлн 996,6 млрд теңге қарыз тартқан.