Елена Рыбакина алғаш рет WTA қорытынды турнирінің финалына шықты

Фото: Sports.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 6-ракеткасы Елена Рыбакина Эр-Рияд қаласында (Сауд Арабиясы) өтіп жатқан WTA қорытынды турнирінің финалына жолдама алды.

Қазақстандық теннисші жартылай финалда әлемнің 5-ракеткасы, америкалық Джессика Пегуламен шеберлік байқасты.

Осыған дейін қарсыластар өзара бес рет кездесіп, соның үшеуінде Пегула басым түскен еді.

Бірінші партияда америкалық теннисші брейк жасап, 2:1 есебімен алға кеткенімен, Рыбакина таразы басын теңестірді. Алайда ізінше өз геймін беріп қойып, қарымта қайтара алмады – 4:6.

Екінші сетте Елена 4:1 есебімен алға шықты. Әйтсе де сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін мүлт жіберді – 4:5. Дегенмен тағы бір брейкпен түйіндеді – 6:4.

Үшінші, шешуші партияда есеп 3:2 болған мезетте қазақстандық теннисші брейкке қол жеткізді. Пегула қайыра брейк жасағанымен, Рыбакина ақыры матчты жеңіспен аяқтады – 6:3.

Екі сағат 7 минутқа созылған тартысты бәсекеде Е.Рыбакина 15 эйспен бірге 11 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Пегула 1 эйс, 4 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.

Осылайша, өткен жылғы финалисті жолдан тайдырған Е.Рыбакина қазақстандық теннисшілердің қатарынан тұңғыш рет жылдың қорытынды жарысында финалға шықты.

- Пегула матчты жақсы бастады. Мен жайлау қимылдадым. Дегенмен екінші сетте өз ойынымды тапқаныма қуаныштымын. 15 эйс те көмектесті. Ең соңында сәтті өнер көрсеттім. Осында маған қолдау көрсеткен барлық жанкүйерлеріме алғыс айтамын, - деді Е.Рыбакина.

Елена Рыбакина финалда әлемнің 1-ракеткасы, Бедарусь спортшысы Арина Соболенко немесе рейтингіде 4-орындағы тағы бір америкалық Аманда Анисимованың қай жеңгенімен таласады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын WTA қорытынды турнирінде Елена Рыбакинаның үшінші жеңісіне қол жеткізгенін жазған едік.

Сондай-ақ Елена Рыбакинаның жартылай финалдағы қарсыласы анықталды.