Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды Kazinform.
Қазақстандық теннисші финалда өзінің басты қарсыластарының бірі, әлемнің 2-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен бас жүлдені сарапқа салды.
Бірінші партияда Елена бет қаратпады — 6:0.
Екінші сетте де 2:0 есебімен алға шықты. Ақыры матчты жеңіспен түйіндеді — 6:3.
Бір сағаттан астам уақытқа созылған матчта Е.Рыбакина 7 эйс жасап, 7 брейк-пойнттың бесеуін пайдалана білді.
А.Соболенко 3 эйс, 1 брейкпен шектелді.
Осылайша Елена Рыбакина жаңа жылдағы алғашқы жарысында чемпион атанды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Брисбенде Арина Соболенкомен ойнайтынын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ Юлия Путинцева Хобартта негізгі турнирге жолдама алды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).