АСТАНА. KAZINFORM — Брисбен (Аустралия) WTA 500 турнирінде Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакинаның кіммен кездесетіні белгілі болды.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина екінші айналымнан бастайды.
Қазақстандық теннисші әлемнің 44-ракеткасы, америкалық Эшлин Крюгер немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен ойнайды.
Тағы бір қазақстандық, әлемнің 71-ракеткасы Юлия Путинцева күтпеген жерден іріктеу сайысының финалында рейтингіде 206-орында тұрған аустралиялық Оливия Гадекиден жеңіліп, негізгі жарыстан тыс қалды — 6:1, 5:7, 1:6.
2024 жылы Брисбенде Елена Рыбакина жеңімпаз атанса, өткен жылы әлемнің 1-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенко үздік шыққан еді. Бұл жолы екеуінің тек жартылай финалда жолдары тоғысуы мүмкін.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Брисбен турнирін жеңіспен бастағанын жазған едік.
Сондай-ақ Аружан Сағындықова Үндістандағы турнирдің финалында өнер көрсетеді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).