АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Елена Рыбакина жаңа бапкері Давиде Сангвинеттидің болатынын жария етті.
Италиялық маман бұрын ресейлік Динара Сафина және америкалық Брэндон Накашимамен жұмыс істеген.
- Мен онымен бір апта әзірлік жасадым, сәл-пәл Стефаномен жұмыс істедім. Давидені бұрын аздап білетін едім. Ол бос болды, өзімен бұрыннан таныс Вуковпен кейде байланыс жасап тұратын. Әрі қарай қалай болатынын көреміз. Әзірге жұмысымызға көңілім толады, - деді Рыбакина.
2024 жылы Е.Рыбакина хорватиялық Стефано Вуковпен қош айтысқан болатын. Кейін тағы бір хорватиялық бапкер Горан Иванишевичпен келісімге келді. Осы жыл басында қазақстандық теннисші С.Вуковты командасына қайта қосты.
Өткен айда Е.Рыбакина мен Г.Иванишевич қарым-қатынасты тоқтатты.
Қазақстандық теннисші осы аптада Әбу-Даби (БАӘ) WTA 500 турнирінде өткен жылғы чемпиондық атағын қорғайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын теннистен Елена Рыбакинаның бапкерсіз қалғанын жазған едік.
Әбу-Даби турнирінде Рыбакина мен Путинцева бақ сынайды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).