Елена Рыбакинаның жеңіс сериясы Доха турнирінде тоқтады

Фото: ktf.kz

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанның бірінші, әлемнің 3-ракеткасы Елена Рыбакина Доха (Қатар) WTA 1000 турнирінің жартылай финалынан тыс қалды.

Жарыстың 2-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина ширек финалда рейтингіде 13-орындағы канадалық, 19 жастағы Виктория Мбокомен ойнады.

В.Мбоко теннис әлемінде өткен жылдан бері жарқырай көрінген жас жұлдыз болатын. Осыған дейін қарсыластар үш рет кездесіп, соның екеуінде қазақстандық спортшы жеңген еді. 

Бұл жолы канадалық теннисші сәтті бастап, 2:0 есебімен алға шыққанымен, Елена таразы басын теңестіре білді. Содан кейін тағы бір брейк жасап, есепті 5:3-ке жеткізді. Алайда бұдан кейін қатарынан төрт геймді беріп қойды — 5:7.

Екінші сетте Рыбакина брейкпен алға кетті — 3:1. Канадалық спортшы да қалыспады — 3:3. Дегенмен Елена қайтадан брейк жасап, сол басымдылығын сақтап қалды — 6:4. 

Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 4:2 есебімен алға шыққанымен, Мбоко қуып жетті — 4:4. Сосын Рыбакина доп бергенде, В.Мбоко төртінші матчболын пайдаланып кетті — 6:4. 

Екі сағат 24 минутқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 11 эйспен бірге 9 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Мбоко 6 эйс, 6 брейкпен (12 брейк-пойнт) ерекшеленді. Осылайша, Аустралия ашық чемпионатын қоса алғанда, Е.Рыбакинаның 9 матчқа созылған жеңіс сериясы тоқтады.

В.Мбоко финалға шығу үшін әлемнің 24-ракеткасы, латвиялық Елена Остапенкомен таласады. Ол ширек финалда рейтингіде 57-орындағы италиялық Элизабетта Коччареттодан айласын асырды — 7:5, 6:4. 

Әлемнің екінші, осы турнирдің бірінші ракеткасы, Польша өкілі Ига Швентек күтпеген жерден ширек финалда рейтингіде 52-орындағы грекиялық Мария Саккаридан ұтылып қалды — 6:2, 4:6, 5:7. 

Егер Е.Рыбакина Дохада финалға дейін жеткенде, әлемнің 2-ракеткасы атанатын еді. Ал В.Мбоко дүйсенбіде жаңартылатын рейтингіде 10-орынға көтеріледі.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Қатардағы турнирде Олимпиада чемпионын ұтқанын жазған едік.

Сондай-ақ Роттердам турнирінде Александр Бублик азулы қарсыласынан айласын асырды. Ал Анна Данилина Доха турнирінің жартылай финалында ойнайды.