Елена Рыбакина мен Александр Бублик Еуропадағы турнирлерді сәтті бастады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның бірінші ракеткалары Елена Рыбакина мен Александр Бублик Еуропадағы турнирлерді сәтті бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлемнің 21-ракеткасы Е.Рыбакина Хертогенбос (Нидерланды) WTA 250 жарысының алғашқы айналымында америкалық Джейми Лобпен кездесті.

Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:4, 7:5 есебімен тізе бүктірді. Е.Рыбакина 10 эйс жасап, 10 брейк-пойнттың екеуін пайдалана білді.

Еленаның екінші айналымдағы қарсыласы кейін анықталады.

А.Бублик жекелей сында Штутгарт (Германия) ATP 250 додасында бастапқы кездесуін америкалық Денис Кудламен өткізді.

Қазақстандық спортшы 7:6 (7:3), 7:5 есебімен ұтты. Ол 12 эйспен бірге 7 брейк-пойнттың екеуін мүлт жіберген жоқ.

Александр екінші айналымда «Үлкен дулыға» турнирінің үш дүркін чемпионы, ұлыбританиялық Энди Марреймен күш сынасады. Биыл өзара екі рет кездесіп, бір-бірден жеңіске жеткен еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің жұптық сында Штутгарт турнирінің ширек финалына шыққанын, Қазақстанның теннисші қыздарының Билли Джин Кинг кубогының финалында ойнайтынын жазған болатынбыз.