Елімізде 15 мыңға жуық балабақша маманы тапшы

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Еліміздегі балабақшаларда 15 мыңға жуық тәрбиеші жетіспейді. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ директоры Манара Адамова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елімізде 15 мыңға жуық тәрбиеші жетіспейді. Оның бірінші себебі жалақының аздығыға қатысты болып тұр. Сондықтан жас мамандар бұл салаға тартылмай жатыр. Сонымен қатар, мектепке дейінгі даярлық тобында біраз тәжірибе жинаған тәрбиешілер мектепке ауысып кетеді. Өйткені мектепте педагогтердің жалақысы жоғары екені белгілі», - деді Манара Адамова ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында жұмыс істеп жүрген педагогтердің жалақысын өсіру бағытында тиісті іс-шаралар пысықталып жатыр.

«Егер 5 жылға дейінгі еңбек өтілі бар және ең төменгі ІІ санаты бар балабақша педагогінің орташа айлығына тоқталсақ, шамамен 164-172 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, тәжірибесі жоқ, жұмысқа енді ғана орналасқан жас маманның жалақысы 94-120 мың теңге аралығында болады», - деді институт директоры.

Бұдан бұрын хабарланғандай, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында 97 408 педагог жұмыс істеп жүр. Оның ішінде ауылдарда 41 596 (42,7%), ал қалада 55 811 (57,3%) адам қамтылған.

Еліміздегі мектепке дейінгі ұйымдардың 70 пайызға жуығы қазақ тілінде білім беріп жатыр.

Кейінгі 4 жылда балабақша кезегінде тұрғандар саны екі есеге азайды.


Соңғы жаңалықтар