Елімізде жол ережесін бұзу деректерінің 60 пайызы автоматты түрде анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жолда жүру ережесін бұзу деректерінің 86 пайызы автоматты түрде анықталады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің өкілі Шұғыла Тұрлыбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазірдің өзінде жолдағы көлік қозғалысы ережелерін бұзу деректерінің 60 пайызы автоматты түрде анықталады. Ал Астана, Алматы және Шымкент қалаларында бұл көрсеткіш 86 пайызға жетті. Атап айтқанда, ел аумағында 18 мыңнан астам стационарлық камера іске қосылған», - деді Ш. Тұрлыбек министрліктің кезекті брифингінде.

Оның айтуынша, қаладан тыс жолдарда тәртіпті бақылау патрульдік көліктердегі автоматты жүйе арқылы қамтылып отыр. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұндай құрылғылардың саны 60-қа жетті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, елімізде бір аптада 3 мыңға жуық қылмыс тіркелді.

Айта кетейік, бүгінгі брифингіде Anti-fraud жедел-алдын алу іс-шарасы аясында үш күнде полицейлер 150-ден астам киберқылмыстың бетін ашқаны жарияланды.

Сонымен қатар, елімізде шетелдік көлікті заңдастыру аясында 61 өтінім мақұлданды.