Елімізде апта ішінде болған кадрлық тағайындаулар
АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда осы апта ішінде бірқатар кадрлық ауыс-түйіс болды.
11 қарашада Бауыржан Темірғалиұлы Дәрібаев Алматы облысының ветеринария басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды.
Бауыржан Темірғалиұлы 1977 жылы дүниеге келген. 2000 жылы Алматының зоотехникалық малдәрігерлік институтын «ветеринариялық медицина» мамандығы бойынша, 2014 жылы Ө.А.Жолдасбеков атындағы экономика және құқық академиясын «мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1993 жылы Қарой ұжымдық кәсіпорынының мал емдеушісі болып бастаған. Әр жылдары Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балқаш аудандық аумақтық басқармасының ветеринариялық қадағалау, Балқаш ауданының ветеринария, Балқаш ауданының ауыл шаруашылық бөлімдерінде басшылық лауазымдарында қызмет атқарған.
2017-2024 жылдар аралығында Балқаш ауданы әкімінің орынбасары болған. 2024 жылдың мамыр айынан Алматы облысының ветеринария басқармасы басшысының орынбасары қызметіне тағайындалды.
11 қарашада Жоғарғы соттың БАҚ-пен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіруші-судьялары тағайындалды.
Әкімшілік іс жүргізу бойынша Аслан Тукиев (ЖС Әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы), қылмыстық сот ісін жүргізу бойынша Еркеш Мәукен (ЖС судьясы), азаматтық сот ісін жүргізу бойынша Марина Боровик (ЖС судьясы) бекітілді.
Оларға Коммуникация бөлімімен бірлесе отырып, сот жүйесінде жүргізіліп жатқан жаңарулар, сондай-ақ судьялар мен сот қызметкерлерінің кәсіби қызметі туралы қоғамның хабардар болуын қамтамасыз ету, сот ісін жүргізу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу жүктелді.
БАҚ-пен және қоғамдық пікір көшбасшыларымен өзара іс-қимыл тәсілдерін қайта қарауды талап ететін белсенді коммуникациялардың жаңа шындықтарын ескере отырып, мыналарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттер қойылды:
— БАҚ-қа ашық сот процестеріне қолжетімділік және жабық сот отырыстарында қаралған істер бойынша сапалы ақпарат беру;
— үйлестіруші-судьялар мен соттардың баспасөз қызметтерінің біліктілігін арттыру;
— заманауи коммуникациялық құралдарды пайдалана отырып, БАҚ-пен өзара байланыс орнату және тағы басқа.
Апта басында Санжар Әділов Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Санжар Әділов 1977 жылы 26 қыркүйекте Алматы облысы Жамбыл ауданы Ұзынағаш ауылында дүниеге келген. Білімі жоғары.
Еңбек жолын тергеуші болып бастаған.
Осы тағайындауға дейін ҚР Ішкі істер министрлігі Тергеу департаментінің бастығы, Қарағанды облысы Полиция департаментінің бастығы қызметтерін атқарды.
Дүйсенбіде Айбек Самат Абай облысы мәдениет басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Айбек Төлегенұлы 1987 жылы 16 қарашада Семей облысы Ақсуат ауданы Ақсуат ауылында дүниеге келген. 2008 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2009 жылы Семей қаласының ішкі саясат бөлімінде маманның көмекшісі болып бастаған. 2010 жылдан 2012 жылға дейін Семей қаласы әкімінің аппаратында компьютерлік техника операторы болды.
2012-2013 жылдары Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің бас маманы. 20132015 жылдары Семей қаласы әкімінің көмекшісі болып жұмыс істеген.
2015-2016 жылдары Семей қаласының ішкі саясат бөлімінде ақпараттық-насихаттау жұмыс секторының меңгерушісі.
2016-2020 жылдары Семей қаласының ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары лауазымы атқарған. 2020-2021 жылдары Семей қаласының ішкі саясат бөлімінің басшысы.
2022 жылдың сәуірінен тамыз айына дейін Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы және Шығыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының этносаралық қатынастар мониторингі бөлімінің басшысы. 2022 жылдың тамызынан 2023 жылдың маусымына дейін Абай облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы.
2023 жылдың маусымынан қыркүйек айына дейін Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы басшысының орынбасары.
2023 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін Абай облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру және бақылау-инспекторлық жұмыс бөлімінің басшысы болды.
Аптаның алғашқы күні Ақмола облысы әкімінің 2024 жылғы 11 қарашадағы өкімімен Қосшы қаласының әкімі болып Азамат Капышев тағайындалды.
Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Қосшы қаласының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, Азамат Капышевтың жоғары кәсіби қасиеттері бар білімді және білікті басшы екенін атап өтті. Жаңа басшылыққа тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, соның ішінде сумен қамтамасыз ету, электр және жылумен жабдықтау, инфрақұрылым салаларында бірқатар міндеттер қойылды.
11 қарашада Руслан Есеналин Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Руслан Есеналин 1976 жылы Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген.
Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін, Қазақ мемлекеттік заң академиясының Мемлекеттік қызмет институтын, РФ Президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясын бітірген.
Әр жылдары СҚО БЖСМ бокс және кикбоксинг бойынша жаттықтырушы-оқытушысы болып жұмыс істеді. Сондай-ақ СҚО Штаттық ұлттық командалар және спорттық резерв дирекциясының кикбоксинг бойынша ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы болды.
2008–2012 жылдары СҚО дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарды.
2012–2020 жылдары СҚО әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы болып еңбек етті.
2020 жылдан 2024 жылға дейін — «Құлагер» хоккей клубының директоры.
05.06.2024 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін «Астана» олимпиадалық даярлау орталығы РМҚК директорының орынбасары болды.
12 қарашада Сәния Смаилова СҚО мемлекеттік сатып алу басқармасына басшы болып тағайындалды.
Сәния Николайқызы 1969 жылы туған, СҚО М.Жұмабаев ауданы Ұзынкөл ауылының тумасы.
Омбы ауыл шаруашылығы институтын, Көкшетау гуманитарлық-экономикалық университетiн «Жерге орналыстыру инженері», «Қаржы және кредит» мамандықтары бойынша бітірген.
Әр жылдары облыстың қаржы басқармасының білім ұйымдарын қаржыландыру бөлімінің басшысы, облыстың білім басқармасы басшысының орынбасары болып жұмыс істеді.
Осы тағайындауға дейін Сәния Смаилова Петропавл қаласы әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары қызметін атқарды.
12 қараша күні Әділ Құсманов «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ның басқарма төрағасы болып тағайындалды.
Құсманов Әділ Миратұлы Оксфорд университетінің математика институтын тәмамамдаған алғашқы түлек. Назарбаев Университетінде өткен «Жыл студенті – 2016» атағының иегері.
Сонымен қатар, Әділ Құсманов «NU Alumni» ҮЕҰ (Назарбаев Университеті Түлектер Қауымдастығы) құрылтайшыларының бірі және басқарма төрағасы.
А. Құсманов ұлттық прогресс индексі әдістемесін және Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының қызметін жыл сайынғы бағалау әдістемесін әзірлеушілердің бірі. Математика, экономика және стратегиялық жоспарлау саласында аналитикалық және ғылыми зерттеулер жүргізу тәжірибесі бар.
Сондай-ақ, Әділ Миратұлы салымшылардың зейнетақы жинақтарының бір бөлігін пайдалану бойынша ҚР-ның зейнетақы жүйесін реформалаудың негізгі әзірлеушілерінің бірі.
Кәсіби қызметінен бөлек «ҚАЗМЗУ» АҚ-да «Экономикадағы математика» пәнінен дәріс береді, сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаев қоры мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Білім беру» бағыты бойынша өзгерістерді басқару бойынша салалық менеджерлерді даярлау жөніндегі «Ел Үміті» бағдарламасына қатысушысы.
13 қарашада Ақмола облысы әкімінің өкімімен Степногор қаласының әкімі болып Гайдар Қасенов тағайындалды. https://kaz.inform.kz/news/kosshinin-buringi-akm-zhana-kizmetke-tagayindaldi-a74d7d/
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Гайдар Қасеновке қаланы дамыту және тұрғындарға қолайлы жағдай жасау бойынша бірқатар міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар, Степногор қаласының әкімдігіне инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, кәсіпкерлікті дамыту және тұрғын үй құрылысы бойынша нақты жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Ол бұған дейін Қосшы қаласының әкімі қызметін атқарды.
Сәрсенбіде ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Мемлекет басшысының Жарлығымен Азамат Айманақұмов пен Михаил Бортник Орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Ләззат Сүйіндік ҚР Парламенті Сенатының қаулысымен ОСК мүшесі болды.
Орталық сайлау комиссиясының отырысы барысында төрағаның орынбасары және хатшы сайланды. Комиссияның бірауыздан қабылдаған шешімімен ОСК төрағасының орынбасары болып Мұхтар Ерман, ал хатшы болып Шавхат Өтемісов сайланды.
ОСК Төрағасы ОСК мүшелері жұмысының негізгі бағыттарын және олар жетекшілік ететін қызмет салаларын белгіледі.
Сондай-ақ, өңірлерден мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлауды өткізудің ағымдағы мәселелері талқыланды.
14 қараша күні Қызылорда облысында екі департаментке басшы тағайындалды.
Жұмағұлов Бектемір Ұлыбекұлы Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалды.
Б. Жұмағұлов 1983 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы «Өңірлік даму» білім беру бағдарламасының «Бизнес және басқару» магистрі.
Еңбек жолын 2003 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті «Арнайы құқықтық пәндер» кафедрасының лаборанты болып бастаған. 2007-2018 жылдары Арал аудандық жер қатынастары, кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімдерінің басшысы, аудан әкімі аппаратында түрлі жауапты қызметтер атқарған. 2018 жылдан осы кезге дейін Арал ауданы әкімінің орынбасары болған.
Сондай-ақ, Талекенов Ербол Сәтбайұлы Қызылорда облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы болып тағайындалды.
Ербол Сәтбайұлы 1983 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетін «Бухгалтерлік есеп және аудит», М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын «Көлікті пайдалану және жүк қозғалысы мен тасымалдау» мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 2004 жылы «Глобал Транс Сервис Еуразия» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде менеджер-логист болып бастаған. 2006-2007 жылдары Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының жетекші маманы, 2007-2017 жылдары Көлік және коммуникациялар министрлігінің Көлік комитетінде маман, бас сарапшы, Солтүстік Қазақстан облысы, Астана қаласы бойынша көліктік бақылау инспекцияларында бас маман, бөлім басшысы, Инвестициялар және даму министрлігінде басқарма басшысы болған. 2017-2020 жылдары «Жолаушылар тасымалы», «Теміржолсу» акционерлік қоғамдарында президент кеңесшісі, «Теміржолсу-Ақтөбе» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері, 2020-2023 жылдары Арал ауданы әкімінің орынбасары, Арал қаласының әкімі қызметтерін атқарған.
2023 жылдың қазан айынан осы кезге дейін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы логистика және тасымалдау департаментінің директоры қызметін атқарып келді.
14 қарашада Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметтерінде Ақылбек Төлеуов және Нұржан Байқұлов тағайындалды.
Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция подполковнигі Ақылбек Төлеуов Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Ақылбек Төлеуов 1982 жылы туған. Оның екі жоғары білімі бар. Ол С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін және ҚР ІІМ Академиясын бітірген. Ішкі істер органдарындағы қызметін 2005 жылы бастаған. Осы уақытқа дейін осы ведомствода ақпараттандыру және байланыс басқармасының бастығы қызметін атқарды.
Сондай-ақ ҚР Ішкі істер министрінің бұйрығымен полиция полковнигі Нұржан Байқұлов Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары қызметіне тағайындалды.
Нұржан Байқұлов 1977 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген, экономика және заң ғылымдарының магистрі. Ішкі істер органдарында қызметін 1996 жылы бастап, түрлі басшылық лауазымдарда қызмет атқарды. Осы уақытқа дейін Алматы облысы полиция департаменті тылмен қамтамасыз ету басқармасының бастығы қызметін атқарды.
15 қарашада Мағжан Қайратұлы Ержан Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы болып тағайындалды. https://kaz.inform.kz/news/akmola-oblisi-tsifrlandiru-zhane-arhivter-baskarmasinin-basshisi-tagayindaldi-83e23e/
Мағжан Қайратұлы Еуразия технологиялық университетін, Қазақ Еңбек және әлеуметтік қатынастар академиясын және Қазақ қатынас жолдары университетін аяқтады.
Еңбек жолын 2014 жылы Алматы қаласындағы жеке логистикалық компанияда маман ретінде бастаған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ цифрландыру офисінде маман, менеджер, бас менеджер, сервис бойынша басқарушы директор лауазымдарын атқарды.
2021-2022 жылдары Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінде жұмыс істеген. «Цифрлық трансформация қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің бас директорының орынбасары болды.
Тағайындалғанға дейін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ сапаны бақылау департаментінің директоры қызметін атқарған.
Ақмола облысының өңірлік кадрлық резервіне енгізілген.
Жұма күні Алматы облысы Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы лауазымына Нұржан Абдалимов тағайындалды.
Нұржан Абдалимов 1988 жылы 10 маусымда дүниеге келген. Білімі – жоғары. Қазақ қатынас жолдары университетін кеден ісі мамандығы бойынша бітірген. Сонымен қатар «Қайнар» академиясында құқықтану магистрі дәрежесін алған.
Еңбек жолын 2011 жылы Алматы қаласының ақпараттық жүйелер орталығында аға оператор болып бастаған. 2011-2015 жылдары Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің аппаратында кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі бөлімінің маманы, 2015 жылы мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы, 2015-2018 жылдары кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту бөлімінің басшысы, 2018-2019 жылдары мемлекеттік-құқықтық бөлімінің бас маманы болды. 2019-2021 жылдары «АлматыЭлектроТранс» ЖШС-де бөлім басшысы болып жұмыс істеді.
2023 жылдың сәуірінен бастап бүгінге дейін Талғар ауданы әкімінің аппараты мемлекеттік-құқықтық бөлімінің басшысы қызметін атқарған.
15 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Рахымжан Ержанұлы Исақұлов өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі қызметіне тағайындалды.
Рахымжан Ержанұлы 1987 жылы Шымкент қаласында дүниеге келді.
Роял Холлоуей Лондон университетін, Бедфорд Нью колледжін, Жапонияның Ұлттық аспиранттар саяси зерттеулер институтын бітірген.
Еңбек жолын 2010 жылы Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесі референтінің міндетін атқарушы болып бастады.
2013-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігінде Мемлекеттік қызмет және кадр саясаты бөлімінің консультантынан бастап Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің мемлекеттік инспекторына дейін түрлі лауазымды қызметтер атқарды.
2018-2020 жылдары — Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы.
2020-2023 жылдары — Астана қаласы әкімі аппаратының басшысы.
2022-2023 жылдары — Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі аппаратының басшысы.
2023 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі аппаратының басшысы қызметін атқарды.