Мемлекет басшысының өкімімен Рустам Баялиев Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқарушысының орынбасары лауазымына тағайындалды.
Рустам Ахатханұлы 1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика мамандығы бойынша бітірген. 1998 жылы Еуразия нарық институтында экономист мамандығын меңгеріп шыққан.
***
Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы аппаратының басшысы қызметіне Серік Кенжебаев тағайындалды.
Серік Әбдірахманұлы 1971 жылы Тараз қаласында туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін құқықтану мамандығы бойынша, Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университетін қаржы және несие мамандығы бойынша тәмамдаған. Ол бұған дейін Мемлекеттік сатып алу жөніндегі агенттіктің «Электрондық коммерция орталығы» РМК директорының орынбасары, Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау және мемлекеттік сатып алу комитетінде басқарма басшысының орынбасары, Индустрия және сауда министрлігі Бәсекелестікті қорғау комитетінің Манғыстау облысы бойынша монополияға қарсы басқармасы бастығы, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КеАҚ басқарма төрағасының орынбасары, «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ аппарат басшысы болған.
2022 жылдан бері ҚР ПІБ материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келді.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Қаныш Әбубәкіров Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
Қаныш Асанханұлы 1977 жылы 12 ақпанда дүниеге келген. ҚР Қарулы күштері Әскери академиясын және Ұлттық қорғаныс университетін бітірген.
Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде десанттық-шабуылдау батальоны барлау ротасы барлау тобының командирінен Құрлық әскерлері бас қолбасшысының бірінші орынбасары — Бас штаб бастығына дейінгі жолдан өтті.
***
Мемлекет басшысының өкімімен Айдар Сайтбеков ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары лауазымына тағайындалды.
А. Сайтбеков 1978 жылы туған. 1999 жылы ҚР ІІМ академиясын тәмамдаған.
***
Қазақстан Республикасы мәдениет және ақпарат министрінің бұйрығымен Мейірлан Раханов Ақпарат комитетінің төрағасы болып тағайындалды.
Ол 1988 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы Қарағанды қаласы әкімдігінің Ішкі саясат бөлімінде бастаған.
2013-2016 жылдары — Ақпарат комитеті Баспа БАҚ басқармасының сарапшысы, бас сарапшысы. 2016-2021 жылдары — ҚР Президентінің Баспасөз қызметінің сарапшысы, кеңесшісі, инспекторы. 2021 жылғы шілдеден 2023 жылғы желтоқсанға дейін ҚР Президентінің баспасөз қызметінің сектор меңгерушісі қызметін атқарды.
***
ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі төрағасының бұйрығымен Жомарт Әбиесов агенттіктің аппарат басшысы болып тағайындалды.
Ж. Амангелдіұлы 1975 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. Қазақ мемлекеттік басқару академиясын, Қазақ мемлекеттік заң академиясын бітірген. Сингапур ұлттық университеті жанындағы Ли Куан Ю атындағы мемлекеттік саясат мектебінің магистрі. Еңбек жолын 2000 жылы ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің «Резерв» РМК бас маманы болып бастаған. Әр жылдары ҚР Көлік және коммуникация министрлігінде, ҚР Үкіметі және ҚР Ұлттық Банкі жанындағы «Ұлттық талдау орталығында», ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінде жұмыс істеді.
2019-2023 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Мемлекеттік басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары, мемлекеттік инспекторы, Мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары, Мемлекеттік басқару бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымдарын атқарды.
***
Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы басшысының орынбасары қызметіне Әсел Шауенова келді. Ол 23 жылдан астам уақыт бойы мемлекеттік қызметте жүр.
2018 жылдан бері аталған бюроның Өндіріс және қоршаған орта статистикасы департаментінде директор лауазымында болды.
***
ҚР Оқу-ағарту министрінің бұйрығымен Гүлшат Онланбекқызы Балаларды ерте дамыту институтының директоры болып тағайындалды.
Гүлшат Онланбекқызы 1973 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген. Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, қауымдастырылған профессор. 100-ден астам ғылыми және ғылыми-әдістемелік еңбегі бар.
1991 жылы «Мектепке дейінгі білім беру» мамандығы бойынша Абай атындағы педагогикалық училищесін бітіріп, 1995 жылы педагогикалық институтта «Тәрбиеші. Мектепке дейінгі педагогика және психология оқытушысы» мамандығын тәмамдаған.
2022 жылдан бүгінге дейін Білім беруді дамытудың мемлекеттік емес ғылыми-практикалық орталығының директоры қызметін атқарып келді.
***
Лесбек Илебаев Жамбыл облысы әкімі аппаратының басшысы болып тағайындалды.
Лесбек Құралбайұлы Илебаев 1982 жылы 17 тамызда Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. 2004 жылы Қазақ гуманитарлық заң университетін «заңгер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша PhD докторы.
2023 жылдың қаңтарынан бүгінгі күнге дейін Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы — Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы қызметін атқарған.
***
Осы аптада Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы қызметіне Бекболат Әбдіқадыров келді.
Бекболат Қайырбекұлы 1975 жылы 4 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген.
2005 жылы төтенше жағдайлар министрлігінің Көкшетау техникалық институтын «Өрт қауіпсіздігі» мамандығы бойынша бітірген. 2007 жылы Көкшетау университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Азаматтық қорғау органындағы еңбек жолын 1998 жылы өрт сөндіруші лауазымынан бастаған.
***
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің бұйрығымен Жамбыл облысы ТЖД бастығының міндетін уақытша атқарушы болып Арман Тоқанов тағайындалды.
Ол осыған дейін Шығыс Қазақстан облысы ТЖД бастығының орынбасары қызметін атқарған.
***
Нұрлан Рахымғалиев Батыс Қазақстан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы болып тағайындалды. Бұған дейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Аппеляция департаментінің директоры қызметін атқарған.
***
Айтыскер ақын Нұрмат Мансұр Қызылордадағы қалалық «Жастар театрының» директоры лауазымына тағайындалды.
Нұрмат Абдоллаұлы 1985 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген. Білімі жоғары, экономика ғылымдарының магистрі.
Әр жылдары Қызылорда облыстық мәдениет басқармасына қарасты Халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығында мәдени қызметкер, аймақтық «Қоғам» телеарнасында редактор, республикалық «Таным мен Тағылым» газетінде атқарушы директор, «Қазақ радиолары» ЖШС-не қарасты «Шалқар» радиосында аға редактор болып еңбек жолынан өткен.