Елімізде арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардан лицензия талап етіледі

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялау басталады.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов мәлім етті.

— Лицензиялауды енгізу халықтың әлеуметтік осал топтары үшін көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған. Лицензия беру кезінде қызмет көрсететін ұйымның материалдық-техникалық базасы, құрал-жабдығы, медициналық лицензиясы мен өрт қауіпсіздігі лицензиясының болуы талап етіледі. Сол сияқты ғимарат мүгедек жандарға бейімделген болуы керек, сонымен қатар толық штаттың болуы ескеріледі. Соның нәтижесінде сапалы қызмет көрсетпейтін ұйымдар шеттетіледі, — деді Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Комитет төрағасының айтуынша, лицензиялауға өтінім 26 желтоқсаннан бастап қабылданады. 

— Қазір әлеуметтік инспекторлар жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, арнайы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдарды лицензиялауға дайындығын талдау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, — дейді ол.

Айта кетейік, қарашада Үкімет басшысы мүгедек жандарды еңбекпен қамту бойынша министр мен әкімдерге міндеттер жүктеді.

Осыған дейін мүгедек жандар қоғамдық орында қандай кедергілерге жиі тап болатыны анықталды.