Елімізде қылмыстан зардап шеккендерге төленетін өтемақы екі есе өсуі мүмкін

АСТАНА. KAZINFORM — Ішкі істер министрлігі қылмыстық құқық бұзушылықтан зардап шеккендерге төленетін өтемақы мөлшерін екі есе арттыру туралы ұсынысты қолдады. Бұл туралы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Фото: Kazinform/ЖИ

Министрдің түсіндіруінше, «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңда белгіленген қолданыстағы өтемақы мөлшері тиісті нормалар күшіне енген кезден бері қайта қаралмаған. Бұл ретте айлық есептік көрсеткіш (АЕК) жыл сайын өзгеріп келеді.

— Дәрі-дәрмек, медициналық қызмет, емдеу, оңалту және жерлеу рәсімдеріне жұмсалатын шығындардың өсуін ескере отырып, төлем мөлшерін екі есе арттыру орынды деп есептейміз. Атап айтқанда, 30 АЕК-тен 60 АЕК-ке, 40 АЕК-тен 80 АЕК-ке және 50 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін көтеру ұсынылады, — делінген жауапта.

Сәденовтің айтуынша, бұл жәбірленушілерге көрсетілетін материалдық қолдауды күшейтіп, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан туындаған нақты шығындарды ескеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ министр өтемақы төлеу мерзімінің созылуына себеп болатын негізгі мәселелерді атады. Олардың қатарында қажетті мәліметтердің уақытында немесе толық берілмеуі, банк деректемелерінің болмауы не қате көрсетілуі, жәбірленушілердің жеке деректері мен алушылар тізіліміндегі қателер бар.

— Бұл жағдайлар төлемдердің кері қайтарылуына, деректерді қайта тексеруге және қаражат аудару мерзімінің ұзаруына әкеледі. Аталған кемшіліктерді жою үшін тергеу департаменті өтемақы тағайындауға қажетті мәліметтердің толық әрі дұрыс берілуін қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізіп жатыр, — деді Сәденов.

Бұдан бөлек, министрлік бұған дейін өтемақы тағайындау және төлеу тәртібін цифрландыруды ұсынған. Атап айтқанда, алушылар тізімін автомат түрде қалыптастыру, Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіміндегі деректерді пайдалану және жәбірленушілерге өтемақы алуға құқығы бар екенін SMS арқылы хабарлау көзделген.

— Ұсынылған шараларды іске асыру мәліметтерді өңдеу уақытын қысқартып, қателер мен қайталама өтініштердің санын азайтуға, сондай-ақ өтемақы төлеу рәсімінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді, — деді министр.

Еске салайық, бұған дейін Құрылтайдың жалпы отырысында депутат Снежанна Имашева қылмыс салдарынан зардап шеккен жәбірленушілерге төленетін өтемақыны қайта қарау мәселесін көтерген еді.