Елімізде тағы 3 дата-орталық іске қосылады

АСТАНА. KAZINFORM – Келесі жылы жалпы қуаты шамамен 300 мегаватт болатын дата-орталықтар іске қосылады. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев айтты.

Фото: pexels

— Бұлттық қызметтер мен жасанды интеллект жүйелеріне қажетті есептеу қуатын арттырып жатырмыз. Соңғы үш жылда елімізде бірнеше дата-орталық іске қосылды. Соның бірі — мемлекеттік цифрлық жүйелерді орналастыруға арналған Астанадағы мемлекеттік органдардың дата-орталығы. Тағы 3 дата-орталықты іске қосу жоспарланған. Олар ел ішінде дерек сақтауға, өңдеуге жəне мемлекеттік органдар мен бизнеске арналған бұлттық қызметтерді дамытуға мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстанда сенімділігі жоғары, Tier III жəне Tier IV талаптарына сай инфрақұрылым құрып жатыр, — деді Жаслан Мәдиев. 

Вице-премьер Екібастұзда «Дата-орталықтр алқабы» жобасы кезең-кезеңімен іске асырылып жатқанын айтты.

— Ол — ірі tech-компаниялар, дата-орталықтар мен есептеу кластерлерді орналастыра отырып, AI модельдерін дамыта алатын алаң болмақ. Жобаны NVIDIA жəне халықаралық бұлттық қызмет провайдерлерімен бірге жүзеге асырудамыз. 2029 жылға қарай алқаптың жалпы қуатын кемінде 1 гигаваттқа жеткізу жоспарланған. Құрылыс жұмыстары басталды. Келесі жылы жалпы қуаты шамамен 300 мегаватт болатын дата-орталықтарды іске қосамыз. Алқапта білікті мамандар үшін жаңа жұмыс орындары ашылуы тиіс. Қазақстандық мамандар озық есептеу жүйелерімен жұмыс істеп, тəжірибе жинай алады, — деді ол.

Айта кетейік, Қазақстан әлемдегі 4 спутниктік байланыс операторының жерүсті станциялары орналасқан Орталық Азиядағы алғашқы ел болады.