— Елордада 471 мың көлік құралы тіркелген. Жыл сайын олардың саны 25–30 мыңға артып келеді. Сонымен қатар, жоғары маятниктік миграция сақталып отыр. Күн сайын қалаға 150 мыңға жуық көлік кіріп-шығады. Көше-жол желісіне артып келе жатқан жүктемені ескере отырып, Көлік жүйесін дамытудың кешенді бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бірыңғай оператор болып Жол қозғалысын басқару орталығы айқындалды. Ол тұрақтар кеңістігін, көлік қозғалысын, бағдаршамдардың жұмысын, көліктерді эвакуациялауды және көліктік жоспарлауды үйлестіреді. Көлік қозғалысы ағындары ITS интеллектуалды көлік жүйесі арқылы басқарылып, бағдаршамдардың 80 пайызы басқару жүйесіне көшірілді, — деді қала басшысы.
Оның айтуынша, Presight компаниясымен бірлесіп бейнебақылау инфрақұрылымы жаңартылды. Smart City жобасы аясында биыл жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды тіркейтін 1 200-ден астам кешен жұмыс істеп тұр. 60 мыңнан астам бейнекамера қаланың Ситуациялық орталығына интеграцияланған. Автоматты түрде анықталатын құқық бұзушылықтар саны 4-тен 15-ке дейін артты. Сондай-ақ, жасанды интеллект негізінде бейне-аналитиканың 35 түрі енгізілді. Құқық бұзушылықтың жаңа түрлерін есепке алу ағымдығы жылғы сәуір айында басталды.
— Көше-жол желісінің өткізу қабілетін арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Бағдаршамдардың жұмыс режимдері түзетілді, көлік қозғалысы қарқынды учаскелерде солға бұрылуға шектеу қойылып, баламалы кері бұрылу орындары ұйымдастырылды. Бұл өз кезегінде көшелердің өткізу қабілетіне оң әсерін тигізді. Жол белгілерін орнату жұмыстары жалғасып жатыр. Жол жөндеу жұмыстарының және қолданылатын материалдардың, оның ішінде асфальтбетон жабынының сапасын қамтамасыз ету тәсілдері қайта қаралды. Жасыл желектер мен жарнамалық конструкцияларды, көше жиһаздарын және абаттандырудың басқа да элементтерін орналастыру кезінде, әсіресе мектептер, балабақшалар мен ауруханалардың маңында көріну аймақтарының шектелуіне пайда болуына жол берілмейді, — деді Жеңіс Қасымбек.
Айта кетейік, Tarlan Astana жеңіл рельсті көлік жүйесі автобус маршруттарымен және көліктік-логистикалық тораптармен интеграцияланады.