— Байқоңыр» ауданында орналасқан «Өндіріс» тұрғын алабын газдандыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Аталған тұрғын үй алабында шамамен 40 мың адам тұрады. Сонымен қатар аудан жеке тұрғын үйлердің тығыз орналасуымен сипатталады.
Айта кетерлігі, тұрғын үй алабының жеке секторында қыс мезгілінде үйлердің басым бөлігі көмірмен жылытылады. Бұл қоршаған ортаға кері әсер етіп, «Байқоңыр» ауданында және жалпы қала бойынша атмосфераға шығарылатын ластаушы заттардың көлемін арттырады. Бұған қоса, ЖЭО-1, ЖЭО-2 және ЖЭО-3 көздерінде қолданыстағы орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне қажетті бос қуаттар жоқ. Осыған байланысты тұрғын үй алабының қажеттіліктерін қамтамасыз ету, халықты радиалды желілерге қажетті көлемде қосу мүмкін емес.
Қалыптасқан жағдайды ескере отырып, «Өндіріс» тұрғын үй алабын кешенді газдандыру — халықты заманауи әрі қолжетімді жылу көзімен қамтамасыз етуге, сондай-ақ аумақты одан әрі дамытуға жағдай жасауға мүмкіндік беретін ең тиімді шешімдердің бірі, — деді Әділ Қынатов.
Оның айтуынша, инвестициялық жоба аясында 2 120 әлеуетті абонентті қосуға мүмкіндік беретін газ тарату инфрақұрылымын құру жоспарланып отыр.
Жобада жалпы ұзындығы шамамен 185 шақырым болатын газ тарату желілерін салу, газ өткізу қабілетін сағатына 20 мың текше метрге дейін жеткізу, тұрғын үй алабының шамамен 85 көшесін газ тарату инфрақұрылымымен қамту және 2 120 абонентті табиғи газға қосуға жағдай жасау көзделген.
Бұған дейін Астананы газдандыру биыл толық аяқталатынын жазған едік.