Энергетика мен коммуналдық секторларды жаңғырту жобасы Президенттің бақылауында – Бектенов

АСТАНА. KAZINFORM – «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру мәселесі Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында мәлімдеді.

Фото: Солтан Жексенбеков / Kazinform

Үкімет басшысының айтуынша, ұлттық жобаны жүзеге асыруға қажетті нормативтік-құқықтық база толық қабылданды. Инвестициялық жобаларды қаржыландыру тетіктері айқындалған. Өңірлерде ауқымды жөндеу жұмыстары басталып кетті.

– Белгіленген нысаналы көрсеткіштерге уақытылы қол жеткізу үшін инфрақұрылымды жаңғырту қарқынын сақтап қана қоймай, оны одан әрі арттыру қажет. Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Ұлттық жобаны іске асыруға бағытталған инвестициялық қаражаттың тиімді игерілуін қамтамасыз етуге тиіс, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ Премьер-министр өңірлердегі келісімшарттарды уақытылы бекіту мен қаржыландыру мәселесіне назар аударды. О. Бектенов облыс әкімдіктеріне екі аптада биыл жүзеге асырылатын жобалар бойынша қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Үкімет басшысы Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, жыл соңына дейін барлық жоспарланған жөндеу жұмыстарының аяқталуын қамтамасыз етуді міндеттеді.

Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстар үшін облыс әкімдері тікелей жауапты болады.

– Ұлттық жобаны іске асыру барысындағы басым бағыттардың бірі – отандық тауар өндірушілерді қолдау. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі екі аптада Тауар өндірушілер тізілімін Ұлттық жоба аясында сұранысқа ие Сәулет-қала құрылысы және құрылыс каталогының кодтарымен толықтыруы қажет. 1 қыркүйекке дейін жаңа өндірістер құру және қолданыстағы кәсіпорындарды кеңейту бойынша әлеуетті офтейк-келісім-шарттарды бекіту жұмыстарын жеделдетуге тиіс. Бұл мәселе Үкіметте бірнеше рет талқыланған болатын, бірақ әлі күнге дейін толық шешілген жоқ, – деді Премьер-министр. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асырып жатыр. Еліміздегі бүкіл базалық инфрақұрылымның ауқымды құрылысы халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және экономиканың одан әрі орнықты өсуін қамтамасыз етуге бағытталған. 

Қазақстанның коммуналдық секторын жаңғыртуға 6 халықаралық қаржы институты көмектеседі.

Биыл елімізде 1,1 трлн теңгеден астам қаржыға 12 мың шақырым инженерлік желі жөнделеді.