Эпиджағдай: Алматыда тұмауға байланысты шектеулер енгізіле ме
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Елімізде ЖРВИ жұқтыру жағдайлары жиілейтін эпидемиологиялық маусымның белсенді кезеңі басталды.
Бекітілген ережелерге сәйкес, бір сыныпта ЖРВИ-мен ауырғандар саны 30%-дан асып кетсе, оқушылары толықтай уақытша онлайн оқыту форматына ауыстырылады.
Осы орайда, агенттік сауалына жауап берген Алматы әкімдігі қалада әлі ешқандай шектеулер енгізілмейтінін, ал мектептерде оқыту режимі өзгеріссіз қалатынын хабарлады.
Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, мегаполисте қазіргі уақытта ЖРВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен аптада тұмаудың 23 786 жағдайы тіркелген, бұл оның алдыңғы аптамен салыстырғанда 18,9%-ға жоғары (19 288 жағдай). Ауру жұқтырғандардың 63,4%-ы балалар. Жалпы ЖРВИ диагнозымен 519 пациент, пневмониямен 79 пациент ауруханаға жатқызылған.
— Жаңа эпидмаусым басталғалы бері ЖРВИ-дің 113 390 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9,6%-ға жоғары. Сондай-ақ A/H3N2 типті, яғни гонконг тұмауының 13 расталған жағдайы тіркелді: әйелдер арасында — 12 жағдай, әскери қызметшілер арасында — 1 жағдай тіркелді. Пациенттерге ем тағайындалған, жағдайлары қанағаттанарлық, — деп хабарлады департаменттен.
Сонымен қатар, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті қаладағы 172 мектеп сыныптарында ауру жұқтырған оқушылар үлесі 10,0%-дан төмен екенін мәлімдеді.
Еске салайық, ШҚО-да 23 мектептің 169 сыныбы онлайн оқыту форматына көшірілді.