Ерлан Ақкенженов: Әкімдер өңірлерде көмірге қатысты жасанды дүрбелең тудырмауы тиіс

АСТАНА. KAZINFORM – Әкімдер өңірлерде көмірге қатысты жасанды дүрбелең тудырмауы тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов айтты.

Фото: ҚР Үкіметі

- Халықты көмірмен қамтамасыз ету мақсатында министрлік жанында барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Республикалық штаб жұмыс істеп тұр. Жалпы, ағымдағы жылыту маусымында халық пен коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірге қажеттілігі 7,3 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде коммуналдық-тұрмыстық секторға – 1,6 млн тонна, халыққа – 5,7 млн тонна, - деді министр.

Оның айтуынща, есепті күнге өңірлерде 4,5 млн тонна көмір дайындалды. Бұл жалпы қажеттіліктің 62% құрайды.

- Осыған байланысты, әкімдіктер коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халық үшін көмір қорын дайындауды қамтамасыз етіп, өңірлерде жасанды дүрбелеңнің туындауына жол бермеу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс, - деді Ерлан Ақкенженов.

Айта кетейік, елімізде энергетика нысандарындағы технологиялық бұзушылықтар 6%-ға азайды.