Павлодар облысының фермерлері көктемгі егіс жұмыстарын ойдағыдай жүргізуі үшін арзандатылған бағада 27,6 мың тонна дизель отыны бөлінген.
- 2025 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілеріне арзандатылған дизель отынын жеткізу жөніндегі операторды іріктеу
конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау жүргізіледі. Өңірге 27,6 мың тонна арзандатылған дизель отыны беріледі. Операторлық қызметтерсіз арзандатылған дизель отынының 1 тоннасының құны 276 256 теңгені немесе литріне 232 теңгені құрайды,-деп хабарлады өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасынан.
Еске сала кетейік, Ертіс-Баян өңірінде егін өсірумен мыңнан аса шаруашылық айналысады. Олардың егіс алаңдары биыл 1 669,7 мың гектарға жетеді деген жоспар бар.
Меже толық орындалса, өткен жылғыдан 52,9 мың гектарға артық болады деген болжам бар. Бұл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде мүмкін болмақшы.
Бұған дейін агрокешенге бөлінген қаражаттан фермерлер не себепті қағылып отырғаны туралы жазғанбыз.