Биыл Павлодар облысындағы егіс алқаптары 53 мың гектарға ұлғаяды

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Өңір диқандары егіс алқаптарына шамамен 164,5 мың тонна тұқым себеді. Егін шаруашылығын қолдауға бюджеттен  4,1 млрд теңге субсидия қарастырылған. 

Биыл Павлодар облысындағы егіс алқаптары 53 мың гектарға ұлғаяды
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

Ертіс-Баян өңірінде егін өсірумен мыңнан аса шаруашылық айналысады. Олардың егіс алаңдары биыл 1 669,7 мың гектарға жетеді деген жоспар бар. Меже толық орындалса, өткен жылғыдан 52,9 мың гектарға артық болады деген болжам бар. Бұл егіс алқаптарын әртараптандыру нәтижесінде мүмкін болмақшы.

- Барлық егіс алқабының 974,0 мың гектары немесе 94%-ы астық дақылдары болады. Биыл майлы дақылдардың егіс танабы 3%-ға пайызға өсіп, 360,9 мың гектарға, картоп алқабы 4%-ға артып, 25,7 мың гектарға жетеді деп күтіліп отыр. Ал көкөніс және бақша дақылдары өткен жылдың көлемінде – 8,8 мың гектар болып қала береді. Бұған қоса аудандарда мықты жем-шөп базасын құру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай биыл жем-шөп дақылдарының алаңын бірден 18,8 мың гектарға арттыру жоспарланып, жалпы себу аумағы 300 мың гектарға жеткізіледі, - деп хабарлады Kazinform тілшісіне Павлодар облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.

Алдағы егіске 164,4 мың тонна тұқым дайындалып қойған. Тұқым бойынша өңірде мәселе жоқ, тіпті дәнді дақылдар бойынша оның көлемі 7,5 мың тоннаға көп. 

Ал егін шаруашылығын қолдауға 2025 жылы жалпы сомасы 4,1 миллиард теңге субсидия қарастырылған. Атап айтқанда, тұқым шаруашылығын қолдауға - 1 млрд теңге, минералды тыңайтқыштар мен пестицидтердің құнын субсидиялауға – 2,7 млрд теңге, фермерлерге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялауға 300 млн теңге бөлінгелі отыр. Демеу қаражаттың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 5,4 млрд теңгеге кемігенін атап өту керек.

Қазір ірі шаруашылықтар қар тоқтату іс-шараларына кірісе бастаған. Таза сүрі жерде қар жамылғысының биіктігі 14 см, ал ықтырмада 15 см-дей болады. Қар тоқтатудың алғашқы кезеңі 74,4 мың гектарда жүргізілген.

Еске сала кетейік, биыл Павлодардағы жаңа канал іске қосылады. 

Оның нәтижесінде жылына қосымша 500 мың тонна ауыл шаруашылық дақылдарын өндіру мүмкіндігі бар.

Соңғы жаңалықтар