Есірткіге елітіген күйінде көлік ұрлаған күдікті Ақтөбеде ұсталды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Орал қаласынан көлік ұрлап, Ақтөбеге келген күдіктіні полиция қызметкерлері ұстады. Оның есірткі тұтынған күйде рульге отырғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 6 тамыз күні тіркелді. «Самара-Шымкент» тасжолында кезекшілік еткен Ақтөбе облысы ПД патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Оралдағы әріптестерінен хабарлама алды. Хабарламада БҚО-да «Toyota Estima» автокөлігінің ұрланғаны және Ақтөбеге қарай бет алғаны туралы айтылған.

«Полицейлер аталған көлікті тас жолда байқап, көп ұзамай тоқтатты. Көлікті 39 жастағы жүргізуші басқарған. Оның жағдайы күдік тудырып, сараптама жүргізілді. Ер адамның есірткі пайдаланып, рульге отырғаны белгілі болды. Әкімшілік хаттама толтырылғаннан кейін күдікті мен автокөлік БҚО ПД полиция қызметкерлеріне тапсырылды»,- деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.