Халықаралық форум ұйымдасқан қылмысқа, есірткі трафигіне, адам саудасына және заманауи киберқауіптерге қарсы бірлескен шараларды талқылау үшін 130-дан астам мемлекеттің өкілдерін біріктірді.
Конференция барысында Қазақстан делегациясы халықаралық қауіпсіздіктің негізгі мәселелері мен құқық қорғау органдары арасындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі ел ұстанымын таныстырды.
Сапар аясында министрдің БҰҰ және Аустрия басшылығымен екіжақты кездесулері де маңызды орын алды. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары — БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының атқарушы директоры Моника Джумамен кездесуде киберқауіптерге, есірткі бизнесіне және трансұлттық қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері талқыланды.
БҰҰ қолдауымен қараша айында Астана қаласында өтетін киберқылмысқа қарсы күрес жөніндегі халықаралық конференцияға дайындық мәселесіне ерекше назар аударылды.
Сондай-ақ Ержан Саденов Аустрияның Федералдық ішкі істер министрі Герхард Карнермен келіссөздер жүргізді.
Тараптар көші-қон саласындағы өзара іс-қимыл, құқық бұзушылықтардың алдын алу, озық тәжірибе алмасу, заманауи полиция технологияларын енгізу, сондай-ақ екі елдің ішкі істер министрліктері арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту перспективаларын талқылады.
Өткізілген кездесулер халықаралық әріптестікті нығайтуға, қылмысқа бірлесіп қарсы тұруға және жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұған дейін ІІМ ЖСН-ді өзгертуге қатысты ақпаратқа түсініктеме берді.