Бұл туралы «KAZAKH INVEST» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Сұлтанғали Кенжеқұлов айтты.
Ұлттық компания басшысының сөзінше, KGIR 2026 халықаралық инвестициялық форумына қатысушылар Қазақстанның дәстүрлі өнеркәсіп салаларымен қатар жаңа технологияларына да назар аударған.
— Қазір инвесторлар сирек кездесетін металдарға ерекше қызығушылық танытып отыр. Форумға негізінен Еуропа елдерінен, АҚШ пен Қытайдан делегациялар келді. Оларды Қазақстанның тау-кен металлургия кешені, соның ішінде сирек кездесетін металдар саласы қызықтырады, — деді Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Бұдан бөлек, шетелдік бизнес өкілдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу, көлік және қойма логистикасы, машина жасау бағыттарын да қарастырып жатыр. Жасанды интеллект, кәсіпорындарды цифрландыру және жаңартылатын энергия көздеріне де сұраныс артып келеді.
Сұлтанғали Кенжеқұловтың пікірінше, салалардың сан алуандығы өндірістік және технологиялық мүмкіндіктері әртүрлі компаниялармен ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді.
Айта кетейік, IX Қазақстандық жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстел 22 қазанда Шымкентте өтті. 2017 жылдан бері Астанада Премьер-министрдің төрағалығымен ұйымдастырылып келген форум биыл алғаш рет еліміздің оңтүстігінде өткізілді. Оған қаланың экономикалық өсімі мен инвестиция тартудағы көрсеткіштері негіз болған.
— Өткен жылдың қорытындысы бойынша Шымкенттің жалпы өңірлік өнімі 11 пайызға өсті. Бұл көрсеткіш бойынша қала республикада екінші орында тұр. Сонымен қатар Шымкентке 860 миллиард теңге инвестиция тартылды. Оның 70 пайыздан астамы — жеке капитал. Біз үшін бұл өте жоғары көрсеткіш әрі инвесторлардың осы өңірге, жалпы Қазақстанның оңтүстігіне қызығушылық танытып отырғанының белгісі, — деп түсіндірді Сұлтанғали Кенжеқұлов.
Оның айтуынша, форумның Шымкентте ұйымдастырылуы халықаралық бизнес өкілдеріне еліміздің оңтүстігіндегі жаңа жобалармен және өңірдің экономикалық әлеуетімен танысуға мүмкіндік берді.
Бұған дейін Қазақстан сирек металдарды өңдеп, Еуропаға дайын өнім экспорттайтыны хабарланды.